ТҮРКІСТАН: Арыста көліктік-логистикалық орталық салынып жатыр

0
199

20 инвестициялық жоба іске асырылып, 354 жұмыс орны ашылмақ.


ТҮРКІСТАН: Арыста көліктік-логистикалық орталық салынып жатыр

Арыс қаласында көліктік-логистикалық орталық салынып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бұл туралы Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова айтты. Шаһар басшысының айтуынша, биыл жыл соңына дейін Арыс қаласында 19,4 млрд. теңгені құрайтын 20 инвестициялық жоба іске асырылып, 354 жұмыс орны ашылмақ.


«Биыл жүзеге асатын жобалар ішінде «Turkistan Agro KZ» ЖШС-ң «Жаңбырлатып суару және мал бордақылау алаңын» айтуға болады. 50 мың ірі қара малды бордақылауға арналған кешеннің жалпы құны - 8,7 млрд теңге. Биыл, бірінші кезеңде 25 мыңға арналған мал бордақылау алаңының құрылысын бастау жоспарланып отыр. Кешен толық іске қосылғанда 60 адам жұмыспен қамтылады. Бұдан бөлек, ірі қара малды азықпен (жем, шөп) қамтамасыз ету үшін 4 500 га аумаққа жаңбырлатып суару әдісімен өнім алуға тағы 8 млрд теңге инвестиция салынбақ. Бүгінгі таңда мал бордақылау алаңына қажетті инженерлік-инфрақұрылымын қамтамасыз ету мақсатында 54 шақырымға жоғары кернеулі электр жарығы тартылған», - деді Гүлжан Мамытқызы.


Брифингте белгілі болғандай, өңірде жүзеге асар маңызды жобаның бірі - «Mega-Agat» зауыты. Поливинилхлорид түйіршіктерін және қоспасын шығаратын зауыт жобасының құны 500 млн теңгені құрайды. Жылдық қуаттылығы - 300 тонна. Одан бөлек, кәріз жүйелеріне арналған пластикалық құбырлар мен үй құрылысына арналған бұйымдар шығаратын зауыт жобасының жалпы құны - 800 мың АҚШ долларын құрайды. Тәулігіне 2500 метр пластик құбырларын шығарады. Сонымен қатар, «Mega-Agat» серіктестігі ауқымды жоба құрылысын бастады. Ол – Арыс қаласындағы көліктік-логистикалық орталық жобасы. Еуропаның «А» стандартына сәйкес кешеннің ерекшелігі – көршілес ТМД елдерінен бөлек, алыс-жақын Азия, Еуропа мемлекеттерімен тауар айналымын күшейту арқылы азық-түлік бағасын тұрақтандыру. 6 гектар аумақта орналасқан нысанның көлемі - 15 000 шаршы метр. Оның ішінде 3 мың шаршы метрі желдеткішпен жабдықталған көкөніс сақтауға арналған қойма. Ал, қалған 12 000 шаршы метрі - қатты заттар сақтауға арналған. Сонымен қатар, құны 600 млн теңгені құрайтын, сыйымдылығы 9 мың тоннаға шақталған астық сақтау қоймасының құрылысы жүргізіліп жатыр.


Жалпы, Арыс қаласында инвестиция тарту өте қарқынды жүргізілуде. Биыл қала әкімі Гүлжан Құрманбекова бастаған арыстық делегация Қытай Халық Республикасына іс-сапармен барған болатын. Құрамында жергілікті кәсіпкерлер бар делегация іс-сапар барысында бірқатар қытайлық зауыттарды аралап, маңызды келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде, алдағы жылдары арыстық кәсіпкерлер қытайлық компаниялармен бірлесіп, қағаз өнімдерін өндіру, пластмасса өңдеу, тұрмыстық қажеттіліктерге арналған өнімдер шығару, түсқағаздар, санитарлық-гигиеналық қағаз бұйымдарын шығаратын өндірістік цех ашуды жоспарлап отыр.