ТҮРКІСТАН: Арыста төбелескен екі әйелді медиатор татуластырды

0
2 377

Жұдырық ала жүргірген әйелдердің бірі 36, ал екіншісі 38 жаста.


ТҮРКІСТАН: Арыста төбелескен екі әйелді медиатор татуластырды

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Арыс қаласындағы мектептердің бірінің алдында жұлысқан екі әйел бір бірін сотқа сүйреген, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Аталған жағдайға байланысты сараптамаға сәйкес, жанжалдасып, ақырында бір-біріне жұдырық ала жүргірген әйелдердің бірі 36, ал екіншісі 38 жаста болған және бірінің білегі зақымданса, екіншісінің мұрын тұсы таяқ жеген. Нәтижесінде, таңғы сағат 9.30 шамасында жұрт көзінше жұлысқан екі әйел де тәртіп сақшыларына шағым түсіріп, екеуіне қатысты қозғалған әкімшілік іс Арыс аудандық сотында қаралған.

«Арыс аудандық сотына екі қала тұрғыны шағымданып, бір-бірінің іс-әрекетіне арызданды. Анықталған оқиға бойынша екі келіншек Арыс қаласындағы мектептердің бірінің алдында өзара жанжалдасып, ұрып, бір-біріне жеңіл түрде дене жарақатын салған, яғни ҚР ӘҚБтК-нің 73-1-бабының 1-бөлігінде көрсетілген құқық бұзушылықты жасаған», - деп мәлімдеді Арыс аудандық сотының баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, мектеп алдында керіскен келіншектер бір-бірінен кешірім сұрап, сотта өз кінәларын мойындаған және құқық бұзушы қос әйел медиатордың көмегімен татуласты.

«Қай қоғамда болмасын, бейбіт елдің бесігін аналар тербеткен. Отбасының береке-бірлігін тасытып, шаңырағының шаттығын ойлайтын да әйел заты. Дана халқымыздың "Береке есіктен, ақыл бесіктен кіреді" деген қанатты сөзіне үңілсек, мән-мағына ұшан-теңіз. Босағаны бекем етіп, бесіктегі баланы "әлдиімен" өсіретін кейбір келіншектердің жанжалдасып, көпшілік орында өзара "бет жыртысуы" қазақ әйеліне тән қасиет емес. Ұятты ойдан шығарып, арланбау араздасқаннан гөрі, аналық қасиетін жоғары ұстаған абзал», - дейді Арыс аудандық соты.