ТҮРКІСТАН: Арыста үш бірдей сектордағы құрылыс жұмыстары толық аяқталды

0
819

Қазіргі таңда 7000 үйдің жөндеу жұмыстары біткен.


ТҮРКІСТАН: Арыста үш бірдей сектордағы құрылыс жұмыстары толық аяқталды

Арыс қаласындағы қалпына келтіру жұмыстары бойынша Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстары секторлардағы жөндеу жұмыстарын аяқталып, Қарағанды, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстары жөндеу әрі қалпына келтіру жұмыстарын толық аяқтап отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бүгін бұл туралы Арыс қалалық әкімдігінде өткен аппараттық жиында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму Бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді.

Жиында облыс басшысы Өмірзақ Естайұлы құрылыс жұмыстары кенжелеп тұрған секторларға жауапты облыс өкілдеріне жұмысты тездетуді тапсырып, қыркүйек айына дейін толық аяқтауды жүктеді.

Сондай-ақ, басқосуда баяндама жасаған «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ басқармасының төрағасы Арман Жетпісбаев Арыс қаласындағы 68 әлеуметтік нысанның 56-сында құрылыс жұмыстары аяқталып, 12 нысан алдағы апта түгел пайдалануға берілетінін жеткізді.

Сонымен қатар, жиында облыстық Қаржы басқармасының басшысы Абдрахман Тасыбаев арыстықтарға берілетін 100 мың теңге әлеуметтік жәрдемақыны беру жұмыстары бойынша 5 млрд 67 млн теңгенің халыққа үлестірілгенін баяндады. Бұдан өзге, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов Арыс қаласында Көктем мөлтекауданы мен Ақымбеков, Қонаев сынды орталық көшелердің жөндеу жұмыстары қыркүйек айында толық аяқталатынын айтты.

Айта кету керек, Арыс қаласындағы зақымданған 7613 үйдің 7166-сында жөндеу жұмыстары жүрсе, 447 үй қайта салынып жатыр. Қазіргі таңда 7000 үйдің жөндеу жұмыстары толық аяқталып, 23 үй қайта салынып бітті. Қалған үйлердің құрылыс-жөндеу жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.