ТҮРКІСТАН: Арыстағы тұқымбақта 80 мың көшет өсіп тұр

0
88

Қарағаштардың бойы қазір бір метрден асқан.


ТҮРКІСТАН: Арыстағы тұқымбақта 80 мың көшет өсіп тұр

Арыста жергілікті тұқымбақта өндірілген және қала климатына бейімделген ағаштар егіліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Облыс әкімі Дархан Сатыбалды өңірде көгалдандыру жұмысын жандандыру, көшет егуде санға емес, сапаға мән беруді тапсырған болатын. Осы ретте Арыста қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың жетекшілігімен шаһар аумағындағы жасыл желек көлемін ұлғайту, қала аумағында ағаш көшеттерін егу жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп келеді.


Тал-дарақ отырғызу бір бөлек, ал оларды жерсіндіріп, жетілдіру үлкен жұмысты қажет ететіні белгілі. Осы ретте, қаланың жасыл екпесіне жауапты «Жасыл Арыс» мекемесі ағаш көшетерін өсіруде тың әдістер пайдалануда. Атап айтқанда, мекеме қызметкерлері күз мезгілінде қалада өсіп тұрған ағаштардың ұрықтарын жинайды, дәндерді сұрыптайды. Содан соң, қала аумағында арнайы ашылған тұқымбаққа егеді.


Нәтижесінде Арыстың топырағы мен климатына бейімделген ағаш ұрықтарынан алынған көшеттер жоғары өсімді көрсетуде. Мәселен, биыл маусым айының ортасында себілген дәннен өнген қарағаштардың бойы қазір бір метрден асқан.


«Сырттан, яғни жылы жақтан әкелінген көшеттер Арыстың климатына бейімделуі қиын. Сондықтан өткен жылы жергілікті ағаштардың ұрықтарын өсіруді қолға алдық. Олар 100 пайыз өсімді көрсетті. Қазіргі таңда қалалық тұқымбақта 80 мың көшет өсіп тұр. Көктемгі ағаш отырғызу маусымына өзімізде өсірілген жас көшеттер дайын», - деді «Жасыл Арыс» КММ басшысы Гүлмира Басарова.


Өсіріліп жатқан көшеттердің түрлері де әр алуан. Қарапайым қарағаштан бөлек, үйеңкі, шаған, бозарша, қарамала (гледичия), жиде бар.


«Жасыларыстықтар» келесі жылы қалада өсіп-өнген алма, сары өрік тағы да басқа жеміс ағаштарын да өсіруді жоспарлап отыр.


Бүгінгі таңда, шаһардың ішкі көшелерінен бөлек, кіре беріс күре жолдар: Арыс-Шымкент, Арыс-Шардара тас жолы бойында 3-4 қатардан тұратын ағаштар отырғызылып, олардың 85 пайызы тамыр жайып тұр. Барлығы тамшылатып суғару жүйесіне қосылып, жасыл шарбақтармен қоршалған.