ТҮРКІСТАН: Арыстық жастар мұқтаж отбасыға баспана сыйлады

0
359

Ал қажетті жер телімін жергілікті әкімдік үлестіріп берген.


ТҮРКІСТАН: Арыстық жастар мұқтаж отбасыға баспана сыйлады

Арыс қаласына қарасты Ақдала ауылының жастары мұқтаж отбасыға жаңа баспана салып берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Арыс қаласына қарасты Ақдала ауылының жастары мұқтаж отбасыға жаңа баспана салып берді. Ынтымағы жарасқан ақдалалықтар жаңа үйді асарлату дәстүрімен аз уақытта тұрғызған. Игі іске 1981-2002 жылдар аралығында өмірге келген ауыл азаматтары атсалысты. Яғни, ауыл жастарының бір легі іргетасын құйса, келесі легі кірпішін қалаған. Тағы бір легі ішкі жұмыстарын, келесі жылғылар сыртқы жұмыстарын өз мойындарына алыпты. Ал қажетті жер телімін жергілікті әкімдік үлестіріп берген.


Жұмыла көтерген жүк жеңіл – осылайша жиһаз-мүлкімен, төрт бөлмелі, жарығы, суы қосылған, жуыну бөлмесі бар әсем баспана мұқтаж отбасының қуанышына айналды. Бұл жақсылыққа жұмылған арыстықтардың жерлестеріне сыйлаған бесінші баспанасы.


Жаңа үйдің иесі – Өткелбаевтар отбасы. Отағасы денсаулығына байланысты ауыр жұмыстарға жарамайды. Бұған дейін жалдамалы пәтерлерде тұрып келген. Жаңа баспана иесі барша көмек қолын созған жандарға өз алғысын жаудырып, жасаған жақсылықтары еселеп қайтсын деген тілегін айтты.


Ауылдастардың басын қосып, ізгі істің бастамашысы болған, құрылыстың басында жүрген Данияр Жақсылықұлының айтуынша, игі шара келесі жылы да жалғасын таппақ. Яғни, ақдалалықтар асарлату арқылы, тағы бір мұқтаж отбасыға баспана салып беруді жоспарлауда.