ТҮРКІСТАН: Арыстықтар көпбалалы отбасыға баспана сыйлады

0
564

Сауапты іске «Қолғабыс» қайырымдылық қоры да атсалысты.


ТҮРКІСТАН: Арыстықтар көпбалалы отбасыға баспана сыйлады

Арыста көпбалалы отбасыға баспана сыйланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жаны жайсаң Арыс халқы қайырымдылық жасап, қолдау көрсету қазақтың қанында ежелден бар қасиет екенін жақсы ұғынады. Бүгінде мемлекет тарапынан да, демеушілердің көмегімен де көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға әркез қолдау көрсетілуде. Кеше Арыста сондай игі шара тағы да көрініс тапты.


Атап айтқанда, арыстық қайырымды жандар "Қолғабыс" қайырымдылық қорының қамқорлығында тұрған 8 баланы асырап отқан Мырзақұловтар отбасына 4 бөлмелі баспана сыйлады. Баспана іші толық сырлау-әрлеу жұмыстары жүргізіліп, тұрмысқа қажетті барлық техникамен, жиһаз-мүлікпен қамтамасыз етілген. Осылайша, жақсылыққа жұмылған Арыстықтар жерлестеріне сыйлаған баспана санын төртке жеткізді.


Жақсы іске мұрындық болған – М.Әуезов мектебін 2003 жылы бітірен 20 жылдық түлектері. Олар бес миллион теңге қаржы жинаған. «Игі істің басына – жақсы келер қасына» демекші, қайырымды жандардың қайырлы ісіне қала тұрғындары мен кәсіпкерлері де демеушілік танытып, жетпей тұрған соманы жинап берген. Сауапты іске «Қолғабыс» қайырымдылық қоры да атсалысты.


Осылайша, Арыстықтар бірлік пен ынтымақтың арқасында жиналған қаржыға Мырзақұловтар отбасына баспана алып берді. Көпбалалы ана қуаныш сәтте көз жасына ерік беріп, барша көмек қолын созған жандарға алғысын жаудырды.


«Бұл қуанышымды қалай жеткізерімді де білмеймін. Сіздерге аналық алғысым шексіз. Жасаған жақсылықтарыңыз өздеріңізге еселеп қайтсын», – деді баспана иесі.