ТҮРКІСТАН: Аудан, қалаларда «Отбасын қолдау» орталығы ашылады

0
325

Бұл жүйе 2017 жылдан бастап Түркістан облысында пилоттық режимде енгізілген.


ТҮРКІСТАН: Аудан, қалаларда «Отбасын қолдау» орталығы ашылады

Түркістан облысының барлық аудан-қалаларында «Отбасын қолдау» орталықтары ашылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Гендерлік зорлық-зомбылыққа ведомствоаралық ден қою бойынша Түркістан облысының тәжірибесі Қазақстанның басқа өңірлеріне үлгі ретінде таратылуда. Бұл жүйе 2017 жылдан бастап Түркістан облысында пилоттық режимде енгізілген. Семинарда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу қызметін институттандырудың практикалық мәселелері талқылануда.


Жиынға қатысқан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Болат Жанәбілдің айтуынша, 2025 жылдың аяғына дейін өңірдегі барлық аудандарда Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандарды оңалтуға арналған «Отбасын қолдау» орталықтары ашылмақ.


«Түркістан қаласында көпбалалы аналарға, аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету мақсатында «Қамқорлық» жанұя орталығы ашылған болатын. Былтыр орталық психологиялық қолдау, құқықтық жәрдем сынды жалпы 10 бағыт бойынша 2 568 адамға қызмет көрсеткен. Одан бөлек, облыстың барлық аудандарында «Қамқорлық» секторлары ашылады. Сонымен қатар, облыста тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған 210 адамға дағдарыс орталықтары әлеуметтік қызметтер көрсеткен. Қазіргі таңда, облыста 183 мыңнан аса көпбалалы ана бар. Оның ішінде 17 мыңнан астамы «Алтын алқа» иегері, 43 мыңнан аса «Күміс алқа» иегері саналы ұрпақ өсіріп жатыр. Өңірде 2023 жылы 54 498 сәби дүние есігін ашқан. Әрбір сәби үшін ең қауіпсіз орын – оның өз шаңырағы. Біздің өңірде халықтың тығыздығына байланысты әлеуметтік жағдайы төмен көптеген ата-ана баланың материалдық жағдайын жақсартамын деген оймен өзге өңірлерде маусымдық жұмысқа барады. Осылайша бала тәрбиесі ата-ене мен мектептің мойнына жүктеледі. Өкінішке орай, қоғамда осы санаттағы отбасы балаларына қатысты келеңсіз оқиғалар жиі кездеседі. Біз балаларымыздың құқығын қорғау, оларға жағдай жасау мәселесін басты назарда ұстап келеміз. Биыл өңірде отбасы рөлін күшейтуге бағытталған түрлі жобалар іске асырылатын болады»,- деді Болат Серікұлы.


Айта кетсек, облыста «Қауіпсіз мектеп» жобасы негізінде барлық білім ұяларының аумақтарына арнайы қоршау орнатылған. Сондай-ақ, мектептерге 7 мыңнан астам бейнекамера орнатылып, Полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. Осы жұмыстардың нәтижесінде балаларға қарсы жасалған қылмыстар саны өткен жылмен салыстырғанда едәуір азайған.