​ТҮРКІСТАН: Аудан прокуроры тұрғындармен кездесті

0
1 192

Жаңа ауыл ауылдық округінде жыл басынан бері 14 қылмыс жасалса бүгінде оның 4-і әлі ашылмаған.


​ТҮРКІСТАН: Аудан прокуроры тұрғындармен кездесті

Жаңа ауыл ауылдық округінде өткен кездесуде Жетісай ауданының прокуроры Нұрғали Асқанбеков жергілікті полиция қызметіне көңілі толмайтындығын айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Жаңа ауыл ауылдық округінде жыл басынан бері 14 қылмыс жасалса бүгінде оның 4-і әлі ашылмаған. Жасалған қылмыстардың басым бөлігі ұрлық санатындағы қылмыстар.

Бұл жайында Жетісай ауданының прокуроры Нұрғали Асқанбековтың Жаңа ауыл ауылдық округі тұрғындарымен өткен кездесуінде айтылды.

Округ тұрғындары мен ардагерлерінің, мектеп директорларының қатысуымен өткен жиында тұрғындар тарапынан ұлтаралық тұрақтылық пен татулықты сақтау, ауыз су, жарық, спорттық алаңшаларды салумен қатар мектеп, балабақшалардың алдына кедергілер орнату мәселелері де айтылды.

Сонымен қатар, Жаңа ауылдықтар учаскелік полиция инспекторларының жұмыстарын жандандыруды қолға алуды ұсынды. Өйткені, бүгінде округ аумағында орын алған қылмыстар саны, әсіресе, біреудің мүлкіне қол сұғу, мал ұрлығы сынды қылмыс түрлері көбейген. Мүлкі ұрланған азаматтар арызданып барса тұрлі себептер айтып, полиция қызметкерлері арыздарды қабылдамайтынын жеткізді.

“Сіздер осында аталған мәселелер бойынша тиісті жұмыстар атқарып, тұрғындардың мәселелерін анықтаңыздар. Бүгін кешкі сағат 17:00-де маған осы мәселелерге қатысты нақты мәлімет беріңіздер. Сіздердің негізгі мақсаттарыңыз халықпен тығыз жұмыс істеу. Елмен етене жүрсеңіздер қылмыс та, құқықбұзушылық та болмайды. Сол үшін жұмыстарыңызды ширатып, қызметтеріңізге кір келтірмеңіздер”, - деген аудан прокуроры учаскелік полиция инспекторларына ауыл ақсақалдарымен біргелікте жұмыс жүргізуді тапсырды.

Басқосуда айтылған жол жөндеу, спорт алаңшаларын салу мәселелеріне қатысты жауап берген округ әкімі Нұрлыбек Бахтияров Ынтымақ ауылында биылғы жылы 9 көшеге тас төселіп, асфальтталатындығын, алдағы жылға ауылішілік электр бағаналарын ауыстыру, спорт алаңшаларын салуға қатысты тиісті жұмыстардың жүргізіліп жатқандығын жеткізді.