​ТҮРКІСТАН: Әуесқой балық аулаушылар арасында халықаралық жарыс басталды

0
2 010

Былтыр бастау алған балықшылар арасындағы байрақты бәсеке биыл халықаралық деңгейде өтіп жатыр.


​ТҮРКІСТАН: Әуесқой балық аулаушылар арасында халықаралық жарыс басталды

Әуесқой балық аулаушылардың сайысына Түркістан облысының 5 ауданы мен Шымкент қаласынан, көршілес Өзбекстан елінен командалар қатысуда деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Жетісай аудандық ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ мен Жетісай аудандық аңшылар мен балықшылар қауымдастығының ұйымдастыруымен өтіп жатқан екі күндік сайысқа Жетісай, Мақтаарал, Шардара, Сарыағаш, Келес аудандарымен қатар Шымкент қаласынан, көршілес Өзбекстан елінен 25 команда қатысуда.

Түркістан облысының құрылғанына 1 жыл толуына орай және «2019 жыл – Жастар жылы» аясында ұйымдастырылған сайыс салауатты өмір салтын насихаттай отырып туризмді дамыту, қоршаған ортаны қорғау, көршілес аудан, қалалардағы балықшылар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында Шардара су қоймасының «Күміс жағажай» демалыс аймағында өткізіліп жатыр.

Әуесқой балықшылар арасындағы сайыстың ашылу салтанатына қатысқан Жетісай аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Мұхтар Бейсенбаев пен Жетісай аудандық «Аңшылар мен балықшылар қауымдастығы» мүшесі Мұхит Акбаров қатысушыларды жарыстың ережелерімен таныстырып, сәттілік тіледі.

Екі күнге созылатын жарыста төрешілер командалар арасында ең көп балық ұстаған командаларға салмағына қарай орындар тағайындап, бірнеше арнайы номинациялар бойынша қаржылай және заттай бағалы сыйлықтармен марапаттайтын болады.