ТҮРКІСТАН: Ауылдарда мәдениет үйлері салынады

0
339

Бірыңғай стандарт қабылданады.


ТҮРКІСТАН: Ауылдарда мәдениет үйлері салынады

Түркістан облысының елді мекендеріне мәдениет үйін салудың бірыңғай стандарты қабылданады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында 264 мәдениет мекемесі халыққа мәдени қызмет көрсетеді. Бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Онда өңірдің мәдениет саласындағы инфрақұрылымға қажеттілікті анықтау мәселелері талқыланды. Сондай-ақ бірінші кезекте ауылдық округ орталықтарына 200 орындық, халық саны 5000-нан жоғары елді мекендерге 200 орындық, содан соң 2000-нан көп елді мекендерге 100 орындық мәдениет нысанын салу ұсынылды. Облыс басшысы бұл бағытта біркелкі жүйе құру және бірыңғай стандартын әзірлеу бойынша нақты тапсырма берді.


«Ең бірінші мәдениет үйі жоқ елді мекендерден бастау керек. Халық саны аз әрі жақын орналасқан ауылдарға бір мәдениет нысанын салған жөн. Қазірге дайын жобалық-сметалық құжатты өткізе берейік. Ал жаңасын алдымен ауыл округінің орталықтарынан бастаңыздар. Барлық саланың стандартын қайта қараңыздар. Білім, мәдениет, спорт нысандарының құжатын әзірлеуді бір жүйеге келтіру қажет. Барлығы жоспарға байланысты. Жоспар дұрыс болмаса, жұмыс құрдымға кетеді. Жоспар түзу болса, бәрі стандартқа сай орындалады», – деді Дархан Сатыбалды.


Жиында Облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев мәдениет үйлеріне байланысты жобалық-сметалық құжаттардың дайындығына жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесімен бөлісті. Оның айтуынша, 264 мәдениет мекемесінің 204-нің ғимараты бар, 60-ы жекеменшік ғимараттар мен мектеп, әкімдіктерде жұмыс атқаруда. Оның 8-іне ғимарат салу үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленген.


Облыс көлемінде жалпы 628 елді мекен мәдениет үйімен қамтылмаған. 181 ауылдық округ орталығының 20-сында мәдениет нысаны жоқ. 2000-нан астам халқы бар 108 елді мекеннің 88-і мәдениет нысанын қажет етеді. Оны салу үшін 23-не жобалық-сметалық құжаты жасалынған. Оның жасалуына талдау жүргізіліп, орын саны бірдей мәдениет нысандарына бөлінген қаржы көлемінің арасында алшақтықтар байқалды. Облыс әкімі осы мәселені аудан, қала әкімдіктері стандартқа сай реттеуді атап өтті.


Қазіргі таңда қызмет көрсетіп жатқан 23 мәдениет мекемесі күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Бүгінгі таңға 6 клуб мекемесіне жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, талдау жұмыстары кезінде 16 мәдениет мекемесіне жергілікті бюджет есебінен ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, нысанды толық қалпына келтіріп, оны сақтап қалуға болатыны анықталды.


Бір ауданға жасалған талдау нәтижесі көрсеткендей, Сарыағаш ауданында 21 мәдениет мекемесі бар. Аталған мекемелерде өткен жылы 820 мәдени көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылған. Орта есеппен алғанда бір мәдениет мекемесі айына 3-4 іс-шара өткізумен шектелген. Бұл мәдениет мекемелері мен халық санына шаққанда едәуір төмен көрсеткіш. Зерделеу жұмыстарының нәтижесінде бұл барлық аудан, қалаларда тіркеліп жатқан жағдай екені анықталды.


Шардара ауданы, Қоссейіт ауылдық клубы 1980 жылы салынған. Аудан әкімдігі тарапынан кезең-кезеңімен ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ғимараттың қазіргі таңдағы жағдайы жоғары деңгейде. Дәл осындай Сауран ауданындағы Қарашық ауылдық клубы 1970 жылы салынған. Алайда ағымдағы жөндеу жұмыстары уақытылы жасалмай, қазіргі таңда жабылып қалған. Қосымша шығыннан бөлек, күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді.


Жиын барысында алдағы уақытта көрермен залын түрлі мақсатта пайдаланатын, коворкинг орталығы бар, кемінде 16 үйірме жұмыс істеуге мүмкіндігі бар көпсалалы мәдениет кешенін салу жағдайы талқыланды.