ТҮРКІСТАН: Аяғынан айырылған азамат өз кәсібін бастады

0
560

Өмірдің қатал сынына төтеп берген ол тағдырға еш мойымай, кәсіп бастауға бел буған.


ТҮРКІСТАН: Аяғынан айырылған азамат өз кәсібін бастады

Аяғынан айырылса да, сенімін жоғалтпаған түркістандық азамат өз кәсібін бастады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Арыс қаласы бойынша кәсіпкерлікке бет бұрғандар саны жыл сайын артуда. Олар заман талабына сай қай саланы болса да, ұршықша иіріп отыр. Елмен қатар сондай істің көзін тапқан арыстық Вячеслав Науменко фотостудия ашып, халыққа қызмет көрсетуде. Ол ІІ топ мүгедегі. Бұрын тұрмыстық техника жөндеумен айналысқан азамат, тілсіз жаудың кесірінен екі аяғынан айырылған. Алайда, өмірдің қатал сынына төтеп берген ол тағдырға еш мойымай, кәсіп бастауға бел буған.


«Көршімнің кеңесімен Арыстағы «Жұмыспен қамту орталығына» бардым. Ол жақтағы мамандар қатысуға мүмкіндігім барын айтып, шарттарын толық түсіндіріп берді. Өзімнің техникаға ебім бар. Сондықтан фотостудия ашуды таңдадым. Комиссия алдында сәтті қорғап шықтым», - дейді Вячеслав Науменко.


Сөйтіп, мемлекеттен нәтижелі еңбек жобасымен 1 380 000 теңге қайтарымсыз грант ұтып алады. Үкімет қолдауымен берілген қайтарымсыз қаражатқа фотоаппарат, компьютер, принтер мен арнайы қағаз сатып алған. Еңбекке құштар азамат мектеп түлектерінің винеткаларын, мерекелік шақыру билеті мен түрлі форматтағы дизайн түрін және той табақ әзірлеуді де қолға алған. Сонымен қатар фотоға түсіріп, суретті әсемдеп, арнайы қаріппен жазу мен қуанышты отырысты безендіру секілді қызметтерді де жолға қойған.


Мемлекеттің қолдауымен іс бастап, бизнес жүргізіп отырған азамат халыққа қызметті өткізу мен тұрақты тұтынушы санын көбейту тәсілдеріне айрықша мән береді. Осыған орай әлеуметтік желінің тиімділігін, жарнаманы жүйелі тарату ісін қолға алуда түрлі мамандар кеңестеріне жүгінген.


Мамандар кеңестермен қаруланған Вячеслав осындай мүмкіндікті ұсынған мемлекетке алғысы шексіз екенін айтады. Алдағы уақытта ісін дамытып, ұлғайтуға құлықты.