ТҮРКІСТАН: Азық-түлік бағасын негізсіз көтергендерге шара қолданылады

0
818

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі 103,2 пайызды құраған.


ТҮРКІСТАН: Азық-түлік бағасын негізсіз көтергендерге шара қолданылады

Түркістан облысында азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша облыс әкімдігі тарапынан тиісті шаралар қолға алынып отыр, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысында негізсіз баға көтерген тауар жеткізушілерге шара көрілетін болады. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Данабек Махатов мәлімдеді. Оның сөзінше, Түркістан қаласындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі 103,2 пайызды құраған.

«2021 жылға арналған «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру» бойынша нақты іс-шаралар жоспары бекітіліп, оның орындалуына облыс әкімінің тиісті орынбасарлары, бірқатар облыстық басқармалар мен департаменттер, аудан, қала әкімдері жауапты болып бекітілді. Қазіргі таңда, азық-түлік тауарларының 2 түрі бекітілген шекті бағалардан 15 пайызға жоғары саудаланып жатыр. Яғни, 322 теңге болып бекітілген жұмыртқаның құны 386 теңгеге өсті, ал 526 теңге күнбағыс майы 640 теңгеден сатылып жатыр. Бүгінде осы сияқты тауарлар құнының өсуінің себептерін анықтау жұмыстары жүргізілуде», – деді Д.Асқарұлы.

Сондай-ақ, жиында облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының бөлім басшысы Серғазиев Данияр өңірімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуінің алдын-алу мақсатында ірі сауда орындары мен дүкендері және әмбебап базарларымен 1 098 меморандум түзілгенін айтты. Одан бөлек, арнайы құрылған мобильдік топтар аймақтағы 55 әмбебап сауда базарына, 65 сауда үйіне және 986 дүкендерге рейдтік шаралар жүргізіп, азық-түлік тауарлары бағаларын негізсіз көтерген жағдайда заң аясында шара көрілетіні жөнінде ескерту жасалған.

Өз кезегінде Азық түлік тұрақтандыру қоры департаментінің директоры Бекбол Амантаев қорда құны 450 млн теңге болатын тауар барын жеткізді. Бүгінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесіп қосымша тауарлар жеткізілуде. Сондай-ақ, әлеуметтік павильондар, жәрмеңкелер және көшпелі сауда арқылы жалпы сомасы 24,2 млн теңгеге 230,7 тонна азық-түлік тауарлары төмен бағада сатылымға шығарылған.

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет