ТҮРКІСТАН: Бәйдібекте үш елді мекенге табиғи газ берілді

0
158

91 мың халық тұратын 27 ауылдың мәселесі шешіліп, газға қосылды.


ТҮРКІСТАН: Бәйдібекте үш елді мекенге табиғи газ берілді

Бәйдібек ауданында жыл басынан бері үш елді мекенге табиғи газ берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында елді мекендерін газдандыру жұмыстары қарқынды. Өткен жылы өңірдегі 48 ауыл табиғи газға қосылып, қамту деңгейі 61,6%-ды құрады. 2012-2022 жылдары құрылысы жүргізіліп, іске қосылмаған 38 проблемалық нысан бойынша тиісті жұмыс атқарылды. Нәтижесінде, 91 мың халық тұратын 27 ауылдың мәселесі шешіліп, газға қосылды.


Бәйдібек ауданы, Боралдай ауылдық округіне қарасты Талап елді мекеніне де табиғи газ берілді. Салтанатты шараға аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жандос Азизханов қатысып, Талап елді мекені тұрғындарымен газ торабының тетігін іске қосты. Талап ауылы биылғы жылдың басынан бері табиғи газға қосылып отырған үшінші елді мекен. Енді 700-ге жуық тұрғын табиғи газға қосылуға мүмкіндік алады.


Қазіргі таңда аудан көлеміндегі 13 елді мекенді газдандыру бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 5 елді мекенді газдандыру бойынша бюджетке қаржыландыруға ұсыныс жасалса, қалған 8 елді мекеннің жобалық сметалық құжаттамасы әзірленуде.


Айта кетейік, Бәйдібек ауданында 2015 жылы магистралды газ құбырының құрылысы жүргізіліп, аудан орталығына газ берілген болатын. Бүгінгі таңда аудандағы 21 ауыл «көгілдір отынды» тұтынып отыр.