ТҮРКІСТАН: Бәйдібектік кәсіпкер ұсынған нанға сұраныс жоғары

0
661

Күніне 400 дана нан жауып, айына 500 мың теңгеден аса табыс тауып отыр.


ТҮРКІСТАН: Бәйдібектік кәсіпкер ұсынған нанға сұраныс жоғары

Бәйдібектік кәсіпкер бала күтімінде отырып-ақ кәсіппен айналысуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Екпінді ауылының тұрғыны Айдана Серікқызы бала күтімінде отырып-ақ кәсіппен айналысуға болатынын дәлелдеп отыр. Жас кәсіпкер, 4 баланың анасы – Айдана Серікқызы қазір 26 жаста. Биыл «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде» жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант алу үшін «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқыған. Осы жылдың сәуір айында Бәйдібек ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығына «Наубайхана ашу» жобасына өтініш білдіріп, нәтижесінде мемлекеттік гранттар беру қағидасына сәйкес құрылған комиссияның оң қортындысын алған.


Комиссия алдында бизнес-жоспарын сәтті қорғап шыққан Айдана Серікқызы қолына 583400 теңге грант қаржысын алғаннан соң нан жабатын арнайы пешті сатып алып, тұрғылықты жері Екпінді елді мекенінен ғимаратты жалға алып, наубайхана ашқан.


Қазіргі таңда жас кәсіпкер өзі тұратын елді мекеннің 3 азаматын жұмыспен қамтып, күніне 400 дана нан жауып, орташа есеппен50 мың теңге, айына 500 мыңнан аса табыс тауып отыр. Жас кәсіпкер алдағы уақытта наубайхана аумағын үлкейтіп, нанның бірнеше түрін пісіріріп, сатылымға шығаруды жоспарлап отыр.


Айта кетейік, биыл Бәйдібек ауданында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантты алу үшін 180 азамат білім алған. Комиссияның оң қорытындысын алған 80 азаматқа мемлекеттік грант беріліп, қазіргі таңда кәсіптерін ашып жұмыс жүргізіп жатыр.