ТҮРКІСТАН: Білім басқармасы балабақша тәрбиешілерінен 5 айлық жалақыны қайтаруын талап еткен

0
1 338

Ал әкімдік аудандық білім бөлімі облыстық білім басқармасына қарайтынын алға тартты.


ТҮРКІСТАН: Білім басқармасы балабақша тәрбиешілерінен 5 айлық жалақыны қайтаруын талап еткен

Білім басқармасы түркістандық балабақша қызметкерлерінен соңғы 5 айдағы жалақыны қайтаруын талап еткен, деп хабарлайды ERNUR.KZ Astanatv телеарнасына сілтеме жасап.

Түркістан облысы Сайрам ауданының бір топ бала-бақша қызметкерлері "білім бөлімі бізден соңғы 5 айлық жалақымызды мемлекетке қайтаруды талап етіп отыр" деп шағым білдіруде. Олардың айтуынша, білім басқармасы "Әйтпесе, қараша айындағы еңбекақыдан қағыласыңдар" деп қорқытқан көрінеді. Дереккөзге сүйенсек, аталмыш мекеме ол туралы құпия бұйрық та шығарып қойыпты.

«Ал егер ол ақша қайтарылмаса, осы айда бізге айлы берілмейді екен. Жұмысшылардың көбісі көп балалы аналар, жалғыз басты аналар, осы жалақымен күн көріп, бала-шағасын асырап отырған, барлығының басында мемлекетке берешек қарызы бар, яғни кредиттері бар», - дейді балабақша қызметкері Хәлида Әдіраимова.

Сондай-ақ, Сайрам ауданы білім бөлімінің басшысы Құралай Шадиева аталған жағдайға байланысты: «Бұл мәселе біздің ауданымызда көтерілді. ҚР-ның еңбек кодексі бойынша 112 бабында көрсетілген. Бос тұрып қалу уақытында ақы төлеу мәселесін біз осы балабақшалардың жұмыстарын енгізілген болатын. Ең төменгі жалақыға түсіру. ҚР еңбек кодексінде көрсетілген. Дегенімен, бүгінгі таңда бұл ұсыныс шешімін тапқан жоқ. Өз қалпында жан басына шаққанда қаржыландыру бойынша 21 мың теңге барлық балабақша қызметкерлеріне төлеп отырмыз. Мәселе шешілді. Біздің ұсыныс хаттамамыз болатын», - деп жауап берген.


Сонымен қатар, Сайрам ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі де бұл мәселеге қатысты ресми жауап берді.

«Сайрам ауданында "Арай", "Шаттық" мемлекеттік бала-бақшаларынан 2020 жылдың қараша-желтоқсан айларына айлық төленбейтіні туралы шағым түсті. Бала-бақша тәрбиешілерінің айтуы бойынша бюджетте қаржы жетіспеушілігі және айлықты қысқарту туралы аудан әкімінің қаулысы шыққаны туралы балабақша басшылары жиналыс өткізген. Алайда, аудан әкімі білім бөліміне қатысты қаулы шығара алмайды. Сондай-ақ, білім саласындағы мәселелерге байланысты бұл сала қызметкерлерінің тәртібін қарай алмайды және ешкімге шара көрмейді. Себебі, аудандық білім бөлімі облыстық білім басқармасына қарасты», - делінген аудан әкімдігінің жауабында.

Айта кетейік, 2020 жылғы Сайрам ауданы бюджетінің көлемі 46,0 млрд теңге. Соның 68,5%-ы, яғни 31,5 млрд теңгесі білім беру саласына бағытталған.