ТҮРКІСТАН: Білім мен ғылымды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңес отырысы өтті

0
372

Білім саласындағы өзекті проблемалар қозғалды.


ТҮРКІСТАН: Білім мен ғылымды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңес отырысы өтті

Түркістанда «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Білім мен ғылымды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңес отырысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жиынға Білім мен ғылымды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрайымы, Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова қатысып, төрағалық етті. Жаңа оқу жылындағы атқарылған жұмыстармен қатар білім саласындағы өзекті проблемалар, «Nur Otan» партиясының Жол картасы аясында іске қосылатын мектептердің құрылыс барысы қозғалды.


Мәжілісте «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев өңірде фракция мүшелері білім саласындағы өзекті проблемаларды бақылауда ұстап отырғанын, жалпы білім саласына мемлекет тарапынан қамқорлық жасалып жатқанын жеткізді. Бұл ойды Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев та жалғастырды. Оның айтуынша, облыстағы 937 мектепте 528 740 оқушы білім алып жатыр. 2021-2022 оқу жылына 51427 бала бірінші сыныпқа қабылданған.


«Барлық оқу орындарында санитарлық нормалардың сақталуы ерекше назарға алынып, қажетті дезинфекциялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, облыстағы барлық білім мекемелерінде (мемлекеттік, жекеменшік) «Ashyq» бағдарламасы орнатылды», – деген Р.Жолаев өңірде үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесін шешу бағытында жұмыс жүріп жатқанын атап өтті. Сонымен бірге колледждердегі мемлекеттік тапсырыс көлемі 2 есеге азайғанын, бұл талай жастың тегін білімнен қағылуына апарып соққанын жеткізіп, халық қалаулысына бірқатар ұсыныс айтты.