ТҮРКІСТАН: Бір жарым мыңға жуық пәтер пайдалануға беріледі

0
643

Өмірзақ Шөкеев: Сапада салғырттыққа жол бермейміз.


ТҮРКІСТАН: Бір жарым мыңға жуық пәтер пайдалануға беріледі

Түркістан қаласы әкімшілік-іскерлік орталығында 7, 9 және 12 қабатты 5600 пәтер, яғни 89 тұрғын үй салынып жатыр, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласындағы қарқыны үдей түскен құрылыс алаңдарын аралап, жұмысшылармен кездесті. Іссапар барысында құрылыс жұмыстарын бақылап, мердігер компания жауаптыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, аймақ басшысы бекітілген кестеден ауытқымауды ескертіп, қажет болған жағдайда құрылыс алаңындағы жұмысшылар санын арттыруды және сапа – басты назарда болуын тапсырды.

«Түркістан қаласының құрылысы мен сәулетінің сапасы өміршең де өзекті. Сондықтан бұл мәселе қатаң бақылауды қажет етеді. Сапада салғырттыққа жол бермейміз. Қалада сәулет өнерінің озық үлгілеріне айналар айтулы ғимараттар бой көтерген. Құрылыс ауқымы жоғары қарқынмен жүргізіліп жатыр. Ең бастысы, халыққа ыңғайлы, сапасы мінсіз болуы тиіс», – дейді облыс әкімі.

Атап өтсек, әкімшілік-іскерлік орталығында жапсарлас салынған үй жайлары мен паркингі бар заманауи зәулім үйлердің құрылысы бітіп, биыл пайдалануға беріледі. Өмірзақ Естайұлының тапсырмасына сәйкес, көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеті тұтастай ашық түсті травертин мен ақ мәрмәрмен қапталуда.

Жалпы, Түркістан қаласы әкімшілік-іскерлік орталығында 7, 9 және 12 қабатты 5600 пәтер, яғни 89 тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бюджет есебінен салынуда. Жыл қорытындысымен 7 қабатты 24 тұрғын, яғни, 1452 пәтер пайдалануға беріледі. Кезекте тұрған әлеуметтік осал топтарға және көпбалалы отбасыларға 450 пәтер, мемлекеттік қызметкерлерге 1000-нан астам кредиттік тұрғын үй тапсырылады.