ТҮРКІСТАН: «Бірлік» мәдениет үйінің ұжымы Тәуелсіздікке тарту жасады

0
478

Жастардың бос уақыттарын тиімді өткізулерін ұйымдастыру мақсатында жыл басынан бері 50-ге жуық мәдени іс-шара өткізген.


ТҮРКІСТАН: «Бірлік» мәдениет үйінің ұжымы Тәуелсіздікке тарту жасады

«Бірлік» ауылдық мәдениет үйі ұжымының ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры» атты мерекелік концерт өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгінде тізесі барды бүктіріп, басы барды идірген, әлемнің алпауыт елдерімен иық тіресе алатын деңгейге көтеріліп, өзінің тәуелсіз, бейбітсүйгіш ел екенін бабадан қалған нақылмен, ағадан қалған ақылмен мойындата білген Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл толды. Сан ғасырлар бойы ата-бабамыз сағынып, арман еткен азаттықтың ақ таңы атқалы елдегі ынтымақ пен ұлтаралық бірліктің, саяси тұрақтылық пен қоғамдық қауіпсіздіктің сақталуы жолында аз тер төгілмеді. Осынау қасиетті де қастерлі бойтұмарымыздың 30 жылдық мерей тойы аясында Ш.Ділдәбеков ауылдық округіндегі «Бірлік» ауылдық мәдениет үйі ұжымының ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры» атты мерекелік концерт болып өтті.


Шараға Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбек, аудан әкімдігі аппаратының басшысы Есенгелді Алданиязов пен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Омар Есенбеков, аудандық «Жетісай» мәдениет үйінің директоры Перизат Тәжібаева қатысты. Мерекелік шара барысында «Бірлік» ауылдық мәдениет үйінің тарихы мен ұжым мүшелерінің атқарған жұмыстары, жеткен жетістіктері жайында арнайы әзірленген бейнеролик көрсетіліп, концерттік бағдарлама ұсынылды. Ауыл өнерпаздары бостандық пен ерлікті, татулық пен жетістіктерді дәріптейтін патриоттық әндерді шырқаса, мың бұралған бишілер тобы елімізді мекен еткен түрлі ұлттардың биін нақышына келтіріп орындады.


Сонымен қатар, ағымдағы жылдың маусым айында аталмыш ұжымның «Үгіт» қуыршақ театры ҚР Мәдениет және Спорт министрлігінің жанынан құрылған арнайы комиссияның шешімімен «Халық театры» атағын алса, алдағы уақытта балалар «Театр студиясы», «Хор», «Драма» және «Би» үйірмелерін «Халықтық» атаққа ұсыну жоспарланып отыр.


Тәуелсіздік туын жыр етіп, жаңа дәуір лебімен замана келбетіне қарап бой түзеп, көріктеніп келе жатқан мәдениет үйінің ұжымы ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ауыл тұрғындарының және жастардың бос уақыттарын тиімді өткізулерін ұйымдастыру мақсатында жыл басынан бері 50-ге жуық мәдени іс-шара өткізген.


Айта кетейік, бүгінде «Бірлік» ауылдық мәдениет үйінде түрлі жанрлар бойынша жұмыс жасайтын 15 үйірмеге 173 бала қатысады.