ТҮРКІСТАН: Биыл 68 газбен қамту нысаны пайдалануға беріледі

0
836

833 елді мекеннің 465-і (55,9%) табиғи газбен қамтамасыз етілді.


ТҮРКІСТАН: Биыл 68 газбен қамту нысаны пайдалануға беріледі

Түркістан облысының әкімі ұлттық компания басшысымен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында 833 елді мекеннің 465-і (55,9%) табиғи газбен қамтамасыз етілді. 2023 жылдың соңына дейін 103 нысанның 68-ін пайдалануға беру жоспарлануда. Облыс әкім Дархан Сатыбалды «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешовпен кездесті.


«2 миллионнан астам тұрғыны бар Түркістан облысында қазіргі уақытта газға қатысты бірнеше қордаланған өзекті мәселе бар. Әсіресе құрылыс жұмыстары аяқталған нысандарды газға қосуға «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ТӨФ қаражат сұрауда. Нысандардың жобалау-сметалық құжаттамасында газ толтыруға қаржы қарастырылмайды. Өздеріңізбен бірлескен түрде шешуді көздеп отырмыз. Оң шешімінің табылғаны облыстың әлеуметтік экономикалық дамуына әсерін тигізеді», – деді Дархан Сатыбалды.


Кездесу барысында Түркістан облысында газбен қамтамасыз ету мәселелері бойынша Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы Руслан Мұздыбеков баяндама жасады.


Кездесу барысында «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов облыс әкімдігінің қаулысымен республикалық меншікке берілген 2008-2020 жылдары құрылысы жүргізіліп, пайдалануға тапсырылған 267 нысанның бүгінгі жай-күйімен таныс екенін, осы нысандарды «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ теңгеріміне қабылдауға ықпал жасайтынын жеткізді.


«298 нысанға қатысты қазіргі таңда бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. 7 нысан «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ теңгерімінде. Ал 267 нысан облыс әкімдігінің қаулысымен республикалық меншікке берілді. 20 нысанға аудан, қала әкімдіктері техникалық құжаттарын толықтырып «ҚазТрансГаз Аймақ» ТӨФ АҚ келісім алу жұмыстары жүргізілуде. 4 нысанды теңгерімге 2023 жылдың соңында өткізу жоспарлануда», – деді басқарма төрағасы.


Бүгінгі таңға Түркістан қаласындағы АГТС 70% жүктемемен жұмыс істеп тұр. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ТӨФ тарапынан бұл жүктемеге 100% техникалық шарттар берілді. Қосымша газға қосылуға техникалық шарт беру мүмкіндігі болмай тұр. Түркістан АГТС-нің «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның теңгерімінде болуына байланысты қуаттылығын арттыру қарастырылып жатыр. Одан бөлек, Түркістан қаласын газбен қамтамасыз ету мақсатында Кентау қаласындағы «Қызыләскер» АГТС-нен (172 000 м3/сағат) жеткізуші газ құбырын, Түркістан қаласындағы диаметрі 500 жеткізуші газ құбырына қосу жұмыстары жүргізілуде.


Ал Ғ. Мұратбаев ГТС-не байланысты «Келес ауданының Бірлік ауылдық округінде ауданы 51,26 га жабық топырақты жеміс-көкөніс өнімін өндіретін жылыжай кешені» нысанын газдандыруға 2020 жылы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ тарапынан техникалық шарт (15 120 м3/сағ.) берілген. Алайда, «Интергаз Орталық Азия» АҚ ГТС-ның қуаттылығы жоғарыда айтылған нысанға жетпеуі мүмкін екенін туралы мәселе көтеруде. Қазіргі таңда облыстық басқарма тарапынан берілген техникалық шартқа сәйкес, нысанды газдандыруға жобалау-сметалық құжаттама әзірленген. Осыған байланысты, нысанды берілген техникалық шартқа сәйкес газға қосылу үшін қуаттылығын 50 000 м3/сағат арттыру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.