ТҮРКІСТАН; Биыл бірыңғай байланыс орталығында 52 мыңнан астам өтініш қаралған

0
713

Оның 51570-сі оң шешімін тапса, қалғаны жұмыс барысында зерделенуде.


ТҮРКІСТАН; Биыл бірыңғай байланыс орталығында 52 мыңнан астам өтініш қаралған

Түркістан облыстық бірыңғай байланыс орталығында жыл басынан бері 52 мыңнан астам өтініш қаралған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облыстық Бірыңғай байланыс орталығы – «Ашық әкімдік» және «Халықтық әкімдік» тұжырымдамаларына сәйкес жергілікті билік пен халық арасындағы үздіксіз байланысты нығайту бойынша жұмыс жүргізетін алаң. Соңғы үлгідегі заманауи техникалармен жабдықталған орталықта тәулік бойы тұрғындардың арыз-шағымы қабылданады.


Байланыс орталығы ашылған сәттен бастап бүгінге дейін 320 мыңнан астам өтінім келіп түсіп, мезгілінде жауап берілген шағымдар 96,52%-ды құрап отыр. Ал 2023 жылдың 10 сәуіріндегі жағдай бойынша 52 мыңнан астам қоңырау шалынып, талап-тілектер тіркелген. Оның 51570-сі оң шешімін тапса, қалғаны жұмыс барысында зерделенуде.


Қаралған мәселелердің басым бөлігі: тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы, оның ішінде электр жарығы, ауыз су және табиғи газбен қамту, сондай-ақ көшелерді жарықтандыру, кәріз құдықшалары мен қоқыс қалдықтарын тазарту, ветеринарлық қызметтер көрсету, жол салуға байланысты. Аудан, қала бөлінісіне тоқталсақ, Түркістан қаласы көш бастап тұр. Мұнан соң Кентау қаласы мен Сайрам ауданында талап-тілектер жиі қабылданған.


Қоңырау категориясы консультация беру, оқиғаға байланысты арыз-шағым, шағым, алғыс және ұсыныс негізінде 5 түрмен жүргізіледі. Тұрғындардың мәселелерді жедел жеткізу мен кері байланысты оңтайландыру бойынша өтініш беру көздерінің аясы кең. Атап айтқанда, азаматтар 109 қысқа нөміріне қоңырау шалу, «Aikey» мобильді қосымшасы, Telegram-да чат бот, Whatsapp желісі, Instagram және Facebook әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы өтініштерін жолдай алады. Коммуналдық-тұрмыстық мәселелерден бастап әкімдік қызметтерге дейін сұрақтарын қойып, нақты ақпарат алуға толықтай мүмкіндік бар.


Еске салсақ, жуырда облыс әкімі Дархан Сатыбалды 109 облыстық Бірыңғай байланыс орталығының жұмысымен танысып, халықтың көтерген проблемалары мен ұсыныстарына ерекше назар аударылатынын айтқан болатын. Осы бағытта жұмыс жанданып жатыр.