ТҮРКІСТАН: «Болашақтың» түлегі қызметін туған жерден бастады

0
1 036

Бүгінде Түркістан облысы бойынша шетелдік білімі бар 113 қызметші мен 5 ғылым докторы, 10 ғылым кандидаты қызмет атқарады.


ТҮРКІСТАН: «Болашақтың» түлегі қызметін туған жерден бастады

«Болашақ» бағдарламасы аясында білім алған Мақтааралдық жігіт еңбек жолын туған жерінде бастады, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

«Болашақ» бағдарламасы бойынша әлемнің үздік 100 жоғары оқу орнының қатарына кіретін Ұлыбританиядағы «Exeter» университетінің «Халықаралық туризм менеджменті» мамандығы бойынша ғылыммагистрі дәрежесін алған Ермахан Зиядин Әбжапарұлы өзінің еңбек жолын туған жерінен бастады. Шет елдік озық тәжірибелер мен заманауи технологияларды жетік меңгерген жігіт конкурстық іріктеу арқылы Мақтаарал ауданы, Жаңа жол ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман қызметіне тағайындалды.

«Мен шет елде алған білімімді, көргенім мен жинаған тәжірибемді, бар күш-жігерімді туған жерімді түлетуге жұмсамақпын. Ия, рас, мен қолымдағы дипломыммен, тәжірибеммен үлкен қалаларда еңбек етсем де болар еді. Бірақ, туған жерім тұрғанда мансап пен атақ қуып кету – мен үшін ерсі көрінеді», - дейді «Болашақ» бағдарламасының түлегі.

Соңғы жылдары өңірдегі мемлекеттік қызмет жүйесінде қызметшілердің білім сапасының артуы айқын байқалады. Бір ғана Мақтаарал ауданынан «БОЛАШАҚ» бағдарламасы негізінде тағы 3 жас шет елде білім алып жатыр.

Мамандардың мәліметі бойынша жалпы «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алған 13 және ҚР Мемлекеттік басқару академиясында білім алған 26 түркістандық түрлі салаларда облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосып келеді екен.