ТҮРКІСТАН: Бөлшек салық мөлшері төмендетілді

0
203

200 000-нан астам шағын және орта кәсіпкерлік нысандары тіркелген.


ТҮРКІСТАН: Бөлшек салық мөлшері төмендетілді

Түркістан облысындағы кәсіпкерлер арнайы салық режимін 2% жеңілдікпен төлей алады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бұл туралы брифингте Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Мемлекеттік көрсетілетін қызмет басқармасының басшысы Сәуле Шырынбекова мәлімдеді.


«Енді Түркістан облысындағы кәсіпкерлер арнайы салық режимін 2% жеңілдікпен төлей алады. Бастапқыда бөлшек салық тек тамақтану саласында ғана қолданылған болса, қазір 364 қызмет түріне қолданылады. Салық кезеңі үшін қызметкерлердің орташа саны 200 адамнан және жылдық табысы 600 000 АЕК (2 215 200 000) млн. тенгеден аспауы тиіс. Ал бұдан жоғары болған жағдайда қосымша құн салығы төленеді. Жеке кәсіпкер де, серіктестік те бөлшек салықты қолдануға құқылы. Жүйе шағын және орта бизнес субъектілерін қолдау мақсатында қолға алынған. Бұл ретте сатып алушы жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға жалпыға бірдей белгіленген тәртіпте жұмыс істейтін болады»,- деді Сәуле Әбдәшімқызы.


Брифингке қатысқан облыстық кәсіпкерлік палатасының шағын кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Әзірет Ыдырыстың айтуынша, бұл жоба өңірдің кәсіпкерлік саласының дамуына серпін береді.


«Бүгінгі таңда облысымызда жалпы 200 000-нан астам шағын және орта кәсіпкерлік нысандары тіркелген. Қазіргі уақытта облыс бойынша 3 000-ға жуық кәсіпкер қосымша құн салығын төлейді. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимінің мөлшерлемесін 50%-ға дейін түсіру туралы шешімді жергілікті мәслихат шығарып, ал ұсынысты жергілікті атқарушы органдар береді. Осы ретте тиісті шаралар атқарылып, Палата тарапынан кәсіпкерлерге тиімді салықтық мөлшерлеме ұсынылды. Нәтижесінде өңіріміздегі барлық аудан-қалалар бойынша бөлшек салықтың арнаулы салық режим мөлшерлемесі төмендетілді»,- деді Әзірет Ыдырыс.