ТҮРКІСТАН: Дәрігерлер ұмыт болған ежелгі босану әдісін жаңғыртпақ

0
2 692

Шардарада арқанға асылып отырып босану әдісін қолдануды қалаған аналар саны күн санап артып келеді.


ТҮРКІСТАН: Дәрігерлер ұмыт болған ежелгі босану әдісін жаңғыртпақ

Ананың толғағын жеңілдету әдістерін қолданысқа енгізіп келетін Шардара аудандық орталық ауруханасының дәрігерлері ұмыт болған көне дәстүрді жаңғыртуда - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Болашақ аналар жалпы дәстүрлі, отырып немесе бүйіріне жатып босану арқылы не "кесарь" тілігі арқылы сәбиін дүниеге келеді. Қазіргі уақытта бала туудың түрлі амал-тәсілдері бар. Көненің көзін қолданысқа енгізген Шардара аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Жанар Оспанованың айтуынша, арқанға асылып отырып босану әдісін қолдануды қалаған аналар саны күн санап артып келеді.

"Арқанды тіреу етіп босану, біздің ата-бабаларымыздың тарихи әдісі болған. Тік тұрған жағдайда және бүйірінде босану - дәлелді медицина негізінде таңдау әдісі және ДДҰ ұсынымы болып табылады, бұл ҚР ДСМ клиникалық хаттамаға да енгізілген. Медициналық тұрғыдан бұл пайдалы деп саналады. Толғақ қысқанда салмақ күші арқанға түседі. Физиологиялық босануды барысында тік босану әдісі анасы мен ұрығы үшін де қолайлы. Толғақты жеңілдетіп, баланың басының жеңіл өтуіне жол береді. Әрине, барлық әдістің өз көрсеткіштері мен қарсылықтары да бар",- дейді Шардара аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Жанар Оспанова.
Жергілікті дәрігерлер босанудың бұл әдісін тіпті шетелдіктер де қолданатынын естіген. Сол себепті, елімізде оған патент алып заңдастырылғанын қалайды. Мұндай тәжірибе әзірге тек Шардара аудандық орталық ауруханасында ғана қолданысқа енгізілген. Осы күнге дейін арқанның көмегімен үш жүзден астам бала дүниеге келген. Аурухана басшылығы жақын арада суда босану әдісін де енгізуді жоспарлап отыр.