ТҮРКІСТАН: Депутат пен кәсіпкерлер 5 отбасыға бұзаулы сиыр сыйлады

0
685

Депутаттар халықпен етене жұмыс істеуді жалғастырып жатыр.


ТҮРКІСТАН: Депутат пен кәсіпкерлер 5 отбасыға бұзаулы сиыр сыйлады

Қоғамдық қабылдауға түскен өтініштер бойынша 5 отбасына бұзаулы сиыр тапсырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысында нұротандық депутаттар халықпен етене жұмыс істеуді жалғастырып жатыр. Жуырда "Nur Otan" партиясы Қазығұрт аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөліміне Қ.Әбдалиев ауыл округінің аз қамтамасыз етілген отбасылар атынан Х.Нышанбаева, Г.Баймурзаева, К.Төреханов, Ә.Байботаева, Ә.Жылқайдаров және Р.Ертаевалар әлеуметтік көмек сұраған болатын. Жалғыз басты аналар мен қиын жағдайда қалған тұрғындар партиядан қолдау күтетіндерін айтқан-ды. Нәтижесінде аудандық мәслихат депутаты, фракция мүшесі Саян Батырбаев және Рабат ауылының кәсіпкерлері (партия мүшелері) бірлесіп, 5 отбасыға – бұзаулы сиыр, бір отбасыға – жылқы және де азық-түліктей көмек көрсетті.

Сонымен бірге қайырымда азаматтар қосымша 10 отбасына азық-түлік себеттерін үлестірді. "Балық берме, қармақ бер" нақылын ұстанған депутат осылайша тұрғындардың мал шаруашылығымен айналысуына қолдау көрсетті. Өтініштері назарға алынған тұрғындар жетекшісі партияның Қазығұрт аудандық филиалы мен депутатқа, кәсіпкерлерге алғыстарын білдірді.

Түркістан облысында "Nur Otan" партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелері белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Мамырдың 11-не дейінгі көрсеткіштер бойынша өңірде барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарымен 592 қабылдау өткізіліп, 1,6 мың адамның өтініші тыңдалды. Сонымен бірге жергілікті атқарушы органдардың басшыларымен 299 қабылдау өткізіліп, 657 тұрғынның өтініші қаралған.