​Түркістан екі құрлықтағы туристер қызығатын заманауи шаһарға айналады

0
1 853

Жиында өңір басшысы Түркістан қаласының аумағы 25 мың гектарға жетіп, Еуразиядағы заманауи шаһарлардың біріне айналатынын мәлімдеді.


​Түркістан екі құрлықтағы туристер қызығатын заманауи шаһарға айналады

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің Түркістан қаласында көшпелі баспасөз конференциясы өтті. Онда Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Түркістанның болашақ даму жоспарымен таныстырды, деп xабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Биыл Түркістан қаласында 700 гектарға жуық аумақта әкімшілік-іскерлік орталығының құрылысын жүргізу үшін жобалау және зерттеу жұмыстары басталып кетті. Жоспарға сәйкес, Түркістан қаласы 3 бағытта дамиды. Олар: тарихи киелі аймақ, құрылыс салуды реттеу аймағы және әкімшілік-іскерлік орталығы. Сонымен қатар, Елбасы тапсырмасымен еліміздегі ірі компаниялар Түркістан қаласына 16 нысан салып береді деп күтілуде. Еліміздегі облыстар мен республикалық маңызы бар қала әкімдіктері де бір-бір нысаның құрылысын жүргізетін болады. Ал халқының саны 2050 жылға дейін 500 мыңға жетеді деген болжам бар.

Сонымен қатар 1380 гектар аумақта орналасқан экономикалық аймақта өндіріс орындары ашылады. Облыс әкімі ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы бойынша Түркістан облысында атқарылып жатқан шараларға да тоқталды. Аймақ басшысының айтуынша, облыстағы кәсіпорын басшылары Елбасының Жолдауындағы ең төменгі жалақыны көтеру мәселесін қолдайтынын білдіріп, өз ұсыныстарын жеткізген. Әкімдік тарапынан облыс аумағындағы 9798 кәсіпорында жұмысшылардың ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде бүгінгі таңда 88 кәсіпорында жалақыны 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап көтеру келісіліп отыр.

Түркістан облысының негізгі табысты салаларының бірі ауыл шаруашылығы екені белгілі. Елбасының ауыл шаруашылығын экономикалық дамудың жаңа драйверіне айналдыру жөніндегі тапсырмасын орындау нәтижесінде Түркістан облысында биыл өнім көлемінің өсімі 374 млрд. теңгені құрады. Оның ішінде, мал шаруашылығы 188 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңінен 5 пайызға артты. Өсімдік шаруашылығы 184,4 млрд. теңге немесе 102,8% құрады. Ағымдағы жылдың 9 айында ет өндірісі 6,7%-ға артып, 154,7 мың тоннаны құраған. Шетелге 4600 тонна ет экспортталып, бұл көрсеткіш жөнінен түркістандықтар алғашқы орынға шықты. Сүт өндірісі 3,2%-ға артып, 555,6 мың тоннаны, жұмыртқа 9,2%-ға артып, 146,7 млн. дананы құрады. Түркістандықтар өндірген ауыл шаруашылығы өнімінің үлесі республика бойынша 14,1%-ды құраған.

Түркістан облысы жылыжай, тамшылатып суғару бойынша көш бастап тұр. Республикадағы жылыжайлардың 80%-ы, тамшылатып суғару алқаптарының 72% - ы Түркістан облысына тиесілі. Биыл көкөніс, картоп, бақша дақылдарынан 2,7 млн. тонна өнім жиналып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. Оның ішінде, 500 мың тоннаға жуық өнімдер Ресей, Беларусь, Латвия, Германия мемлекеттеріне экспортталса, 1 млн. тоннасы еліміздің солтүстік өңірлеріне жөнелтілген.

Елбасы биылғы Жолдауында «Экспортқа бағытталған индустрияландыру мәселесі экономикалық саясаттың негізгі элементі болуы тиіс» дей келе, отандық өндірушілерді қолдау керектігін айтқан еді. Бұл бағытта Түркістан облысында ілгерібасушылық байқалады. Өңір басшысының айтуынша, 2018 жылдың 9 айында маңызды әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсімі сақталып, Түркістан облысының 300-ден астам өнеркәсіп кәсіпорындарымен 323,9 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Облыста тамақ өнімдерін өндіру 8,0% - ға (69 748,7 млн.теңге), жеңіл өнеркәсіп 28,3% - ға (3 850,3 млн. теңге), химия өнеркәсібі 3,5% - ға (358,2 млн. теңге), басқа да металл емес минералды өнімдерді өндіру 3,8% - ға (8 507,5 млн. теңге), дайын металл бұйымдары 20,5% - ға (10 027,8 млн. теңге), фармацевтика өнеркәсібі 5,3% - ға (318,7 млн. теңге) артқан. 2015-2019 жылдарға арналған Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы аясында 2018 жылы 16,8 млрд. теңгеге 804 жұмыс орнымен 9 жобаның іске асырылуы жоспарланған. Есепті кезеңде «Green Technology Industries» ЖШС-ның құны 1,3 млрд. теңгені құрайтын жобасының I кезеңі іске қосылды. Ордабасы ауданындағы «ПЭТ қалдықтарын өңдеу және штапельді талшықтар (синтепон) өндірісін ұйымдастыру» жобасы бойынша 60 жұмыс орны ашылды. Мұнда жылына 15 мың тонна өнім шығарылады.

Ал, Түркістан қаласында жалпы құны 7 млрд.теңгені құрайтын «Golden Camal Group LTD» ЖШС-гі таяуда іске қосылып, 144 жаңа жұмыс орны ашылады. Биыл облысқа 163,5 млрд. теңге инвестиция бағытталды. Өңірдің инвестициялық-туристік тартымдылығын арттыру мақсатында ағымдағы жылдың 28 қыркүйегінде Түркістан қаласында 1-ші «Көне Түркістан – Жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық инвестициялық және туристік форумы өтті. Аталған форумға 17 шетел және отандық 500-ге жуық кәсіпкерлер қатысып, нәтижесінде құны 1,7 млрд. АҚШ доллары болатын 17 келісімге қол қойылды.