ТҮРКІСТАН: Елді мекендерді көгалдандыруға арналған семинар өткізіледі

0
279

«Елді мекендерді көгалдандыруға арналған» семинар-кеңес ұйымдастыру жоспарланып отыр.


ТҮРКІСТАН: Елді мекендерді көгалдандыруға арналған семинар өткізіледі

Түркістан облысында елді мекендерді көгалдандыруға арналған семинар өткізіледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Биыл көктем айларында босатылатын көшеттердің саны мен әртүрлі ағаш түрлерінің жоспары әзірленіп, елді мекендерді көгалдандыру жұмыстары қадағалауды күшейту мақсатында мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының қатысуымен жұмысшы топ құрылып, аудан, қалаларды аралау кестесі бекітілді. Осы орайда, Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғатты реттеу басқармасының бастамасымен 2 наурыз күні Қазығұрт ауданында аудан, қала әкімдіктерінің, басқарма мамандары мен ғалымдардың қатысуымен «Елді мекендерді көгалдандыруға арналған» семинар-кеңес ұйымдастыру жоспарланып отыр.


Бұл бағытта жоспарды толықтай сапалы орындау мақсатында арнайы мәжіліс өтті. Оған басқарма басшысы Қайрат Абдуалиев, Түркістан қаласына қарасты «Жасыл Түркістан» КММ-нің басшы орынбасары мен агрономы, орман шаруашылығы мекеме директорлары мен мамандары қатысты.


Мәжілісте көктем айында аудан, қала әкімдіктеріне көктемгі көшет босату, егілген ағаштарды күтіп-баптау, өсіру ісін сапалы атқару мәселелері талқыланды. Жиын барысында басқарма басшысы алдағы уақытта семинарлар, кеңестер ұйымдастыру керектігін айтып, мерзімдеріне сай сапалы көшеттер босату қажеттігін ескертті. Сонымен қоса, босатылған көшеттерді сапалы егу керектігі жөнінде тапсырма берді.


Еске сала кетейік, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, «Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілген болатын. Аталған жоспар бойынша елді мекендерді көгалдандыруға 1 миллионнан аса түп ағаш көшеті егілген. Ал биыл көктемде аудан, қала елді мекендерін көгалдандыруға 522 935 көшет егу жоспарлануда.