ТҮРКІСТАН: Емханаларда медициналық анықтама түрлі бағада сатылған

0
1 182

Бұны ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті «Жасырын сатып алушы» тәсілімен анықтаған.


ТҮРКІСТАН: Емханаларда медициналық анықтама түрлі бағада сатылған

фото ашық дереккөзден

Түркістан облысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті қоғамдық бақылау жүргізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ағымдағы жылдың 24 - 26 сәуір аралығында «Жасырын сатып алушы» тәсілімен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментімен Жетісай аудандық орталық, Асық ата, Атакент, Мырзакент, Мақтарал аудандық емханаларында сондай-ақ, Төлеби аудандық, Ленгір қалалық және Сайрам аудандық орталық емханаларында қоғамдық бақылау жүргізілді.

Нәтижесімен кейбір ұйымдардың кассасында №086/е медициналық тексеруден өту парақшасы (бланка) әр түрлі бағамен сатылып жатқаны анықталды.

Атап көрсетсек, Төлеби аудандық емханасында анықтама бланкасы 1420 теңге, ал Мырзакент емханасында 2400 теңге, сондай-ақ, Жетісай және Сайрам аудандық орталық емханаларында 3000 теңге көлемінде сатылуда.

Осы бағыттағы жұмыстарда орын алған кемшіліктерді қалпына келтіру үшін Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасына №086/е үлгісіндегі қағаз түріндегі анықтамаларды түпкілікті жойып, бекітілген стандарттар талаптарына сәйкес, электронды бланкіге көшіру туралы арнайы ұсыныс хат жолданды.

Айта кетейік, осы енгізілген ұсынымдардың орындалуы бойынша пост-бақылау жұмыстары Департамент тарапынан жүйелі түрде жүргізілетін болады.