ТҮРКІСТАН: "Еркінабад құрамасы" жайдарман командасы телевизиялық жобаға қатысады

0
2 626

Жайдарманның 20 жылдығына орай ұйымдастырылған "МАУСЫМАШАР-2019” фестивалінде жоғарғы деңгейде өнер көрсеткен “Еркінабад құрамасы” жайдарман командасы телевизиялық жобаға жолдама алды.


ТҮРКІСТАН:

Астанада еліміздің барлық өңірлерінен келген 235 команда қатысқан өнер додасында Түркістан облысынан бақ сынаған 40-қа тарта команданың үшеуі топ жарып, үздіктер қатарынан көрінді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Оның бірі Мақтаарал ауданы әкімінің “Еркінабад құрамасы” жайдарман командасы. Талай-талай таланттардың томағасын сыпырып, өнер аспанына қанат қақтырған Қазақстан КВН Одағы “Республикалық Жастар Қоғамдық Бірлестігінің” 20 жылдық мерей тойына арналған “МАУСЫМАШАР-2019” фестивалінде қоғамның кемшін тұстары мен жеткен жетістіктерін өтімді әзілдерімен ұтымды пайдаланып, бекітілген ереже мен қойылған талаптарды, берілген тапсырмаларды толық орындаған, көрерменнің көңіл төрінен орын алып, телевизиялық жобаға жолдама жеңіп алған 45 команданың үшеуі Түркістан облысының командасы болса, сол үштікте Мақтаарал ауданы әкімінің "Еркінабад құрамасы" да бар.

Осыдан 3 жыл бұрын, яғни, 2016-жылы «Алақай-балақай» атауымен негізі қаланған бүгінгі таңдағы Мақтаарал ауданы әкімінің "Еркінабад құрамасы" жайдарманшылары өңірлік, аудандық, облыстық және республикалық Жайдарман ойындарына қатысып 14 кубок пен бірнеше арнайы номинациялардың иегері атанған.
“Біз жайдарман ойындары арқылы жастарымыздың ой-өрісін дамытып, олардың мәдениетін, достық қарым-қатынасын нығайтуды, сахна мәдениетін, олардың топтасып жұмыс істеулерін басты назарға аламыз. Біздің жастарымыз жайдарман ойындарымен ғана шектеліп қалмай еріктілер мектебінің мүшелері, өздерінің көшбасшылық қырларын да танытып жүр. Алдағы уақытта жеңісті күндеріміз көп болатынына сеніміміз мол”,- дейді Мақтаарал аудандық “Жастар ресурстық орталығының” басшысы Сүндет Кенжебаев.
Айта кетейік, бүгінде аудандық лигаларда 61 жайдарман командасы өнер көрсетіп, түрлі деңгейлерде бақ сынап жүрсе олардың төртеуі облыстық, үшеуі республикалық дәрежелерде Мақтааралдың намысын қорғауда.