ТҮРКІСТАН: «Farab» кітапханасы мен этноауыл қарияларға қызмет көрсетті

0
243

Түркістан облысында 176 мыңға жуық зейнеткер тұрады.


ТҮРКІСТАН: «Farab» кітапханасы мен этноауыл қарияларға қызмет көрсетті

Түркістан облысының қариялары 1 қазан – Халықаралық қарттар күнін ерекше атап өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев «FARAB» кітапханасында қариялармен кездесіп, оларға құрмет көрсетті. Құрметті ел ағалары мен қазыналы қарттарды бірегей кітапханамен таныстырған облыс басшысы Түркістанды күллі түркі әлемінің рухани астанасы ретінде қайта түлеткен Елбасының еңбегін ерекше атады. Финляндия кітапханалары үлгісінде салынған «FARAB» кітапханасы заманауи құрылғылармен және озық технологиямен жабдықталған.


Көпфункциялы білім беру кешенін аралатқан Өмірзақ Естайұлы көне жазбалар тақтайшасы мен 480 мың кітапқа арналған кітап сақтау орны, цифрландыру, консервациялау және реставрациялау зертханасы, дәріс залы, көрме атриумы, FabLab цифрлы шеберханасы мен сирек кітаптар мен манускриптер залымен таныстырды.


«Біз атаның ақ батасымен, әжелеріміздің мейірімімен өсіп-өнген халықпыз. Сіздердің өмір жолдарыңыз, ақыл-кеңестеріңіз – біз үшін өнеге. Қасиетті Түркістанды дамытуда Сіздердің де қосар үлестеріңіз мол. Сіздер біздің қазынамыз әрі бағыт-бағдар беретін даналықтың сарқылмас бұлағысыздар. Сіздерге, отбасыларыңыз бен жақын туыстарыңызға зор денсаулық, берекелі ұзақ ғұмыр тілеймін, саналы ұрпақ пен жаны жомарт жандардың ықылас-ниетіне бөленіп әрқашан арамызда болыңыздар», - деді Өмірзақ Шөкеев.


Жас ұрпаққа өзінің өнегелі еңбек жолымен үлгі болып жүрген ардагерлер мен тыл еңбеккерлері, облысқа еңбегі сіңген бірқатар еңбек ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың және облыстық ардагерлер кеңесінің алғыс хаттарымен марапатталды. Республикалық орталық кеңестің «Құрмет белгісі» төсбелгісімен және Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің «Ел ағасы» және «Аялы әже» номинациялары табысталды.


Сондай-ақ, салтанатты шараға қатысқан 60-қа жуық қария этноауылда ұйымдастырылған қолөнершілер көрмесін тамашалады. Қариялардың құрметіне ақ дастархан жайылып, өнерпаздар ән мен күйден шашу шашты. Сонымен бірге киелі Түркістан шаһарын аралап, өңірде бой көтерген жаңа нысандармен танысты.


Түркістан облысында 176 мыңға жуық зейнеткер тұрады. Олардың ішінде 26-ы Ұлы Отан соғысының ардагері, 2667 Ұлы Отан соғысына қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілгендер, 6336 мың тыл еңбеккерлері бар. Бүгінгі таңда ай сайын 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 400-ге жуық 80 жастан асқан жалғызілікті қариялардың зейнетақыларына үстеме ақы төленеді.


Жеңіс күніне орай, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне 1 млн.теңге көлемінде қаржылай көмек берілді, жеңіске үлес қосқан өзге де 6808 тыл ардагерлеріне жалпы 233,3 млн. теңге көлемінде біржолғы қаржылай көмек көрсетілді. Облыста қолға алынған «Қамқорлық» акциясы шеңберінде 15,6 мың ардагерге көмек берілген.


Арыс және Жетісай қалаларында ардагерлерімізге арналған «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтары ашылды, жақын арада Түркістан қаласында ардагерлерге арналған заманауи орталық ашылады, әрі қарай да осы бағытта жұмыстар жалғасын табады.