Хабта жобаға қатысушылар жинаған UniSat наноспутниктерінің инженерлік модельдері де бар.
Түркістандағы Оқушылар сарайында ғарыштық технологиялар бойынша UniSat білім беру хабы ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл – БҰҰ Балалар қорының Қазақстандағы Өкілдігінің әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Түркістан «Оқушылар сарайымен» бірлескен жобасы. Тиісінше, өңір оқушылары STEM курстарына қатысып, инженерлік дағдыларды игеруге мүмкіндік алып отыр.
Хаб жұмысы бірінші кезекте түркістандық мектеп оқушылары арасында ғылым, технология, инженерлік-математика (STEM) саласындағы білім мен мансапты танымал етуге бағытталады. Хаб спутниктік технологиялар саласындағы инженерлік дағдыларды дамыту аясында ғылыми білім беру орталықтары жұмысының қағидаты бойынша құрылған. Олар жер мен ғарыштағы радиохабар тарататын құрылғылардан аналогтық және цифрлық радиосигналдарды қабылдауға және беруге мүмкіндік береді. Хаб компьютерлермен, бағдарламалық-анықталатын радиожүйе құрылғыларымен, УҚТ[1] және ҚТ[2] диапазондарындағы қабылдағыш-таратқыштармен және спутниктердің траекториясын көрсетуге арналған үлкен экрандармен жабдықталған. УҚТ диапазонына арналғн трансивердің көмегімен оқушылар наноспутниктермен, соның ішінде Al-Farabi-2 университеттік наноспутнигімен ақпарат алмаса алады. ҚТ диапазонды трансивер UniSat жобасының қатысушыларына, сондай-ақ оқушыларға радиобайланыс негіздерін меңгеруге, басқа елдердің радиоәуесқойларымен радиобайланысты іске асыруға, шет тілдерін үйренуге және осы саланың маманы болуға мүмкіндік береді. Орталықтың заманауи цифрлық жабдықтарын пайдалану, соның ішінде SDR технологияларын қолдану білім беру процесінде икемділікті қамтамасыз етуге және әртүрлі техникалық режимдерде жұмыс істеуге мүмкіндік сыйлайды. Бұдан бөлек, хабта жобаға қатысушылар жинаған UniSat наноспутниктерінің инженерлік модельдері де бар.
«ЮНИСЕФ UniSat бағдарламасын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен серіктестікте 2020 жылдан бері жүзеге асырады. Осы уақыт ішінде 2000-нан астам қызды онлайн режимде, 200-ден астам қызды оффлайн режимде оқытып, стратосфераға бестен астам наноспутникті ұшырды. Бірақ, одан да маңыздысы – біздің жобаның түлектері мектептен кейін STEM саласында оқуын жалғастыратыны. UniSat жобасы дамып келе жатқанына және инженерлік ғылымдар мен STEM-ді қазақстандық оқушылар арасында ілгерілетуді қалайтын серіктестер саны үнемі өсіп келе жатқанына қуаныштымын. Бүгін Түркістанда Хабты аша отырып, біз жобаны дамытудың жаңа кезеңін іске қосамыз және Түркістан облысының оқушылары мен мұғалімдерін оған қосылуға шақырамыз», - деді Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілі Артур ван Дизен.
Атап өтер болсақ, бұл хаб UniSat білім беру бағдарламасы аясында құрылған. Оның мақсаты – наноспутниктерді әзірлеу саласында қыздардың білімі мен құзыреттілігін дамыту, командалық жұмыс, шешендік өнер, тайм-менеджмент және шығармашылық сияқты дағдыларды жетілдіру. UniSat бағдарламасы «Dubai Cares» халықаралық білім беру қорының, «Clé de Peau Beauté» брендінің және филантроп Назанин Алакияның қолдауымен іске асырылады.
«Біз ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Өкілділігі және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен ынтымақтастық орнатқанымызға қуаныштымыз. Хабтың біздің ғимаратта ашылуы – оқушыларымыз бен мұғалімдеріміз үшін көптеген жаңа мүмкіндік сыйлайды. Инженерлік мамандықтар Қазақстан және оның болашағы үшін өте маңызды», - дейді Түркістан қаласындағы Оқушылар сарайының директоры Индира Икапова.
Хабтың ашылуында өңірдегі физика пәнінің мұғалімдеріне арналған атмосфераның жоғарғы қабаттарына шар-зондтардың ұшу технологиясы бойынша практикалық мастер-класс өткізілді. Тиісінше, мұғалімдер шар-зондтардың ұшу траекториясы мен оның қону орнын алдын-ала есептеуді үйренді.
«Түркістан қаласында Хабтың ашылуы еліміздің білім беру жүйесіндегі жаңа бағыттың басталуын белгіледі. Хаб ғарыштық робототехникаға, шағын ғарыш аппараттарына қызығушылық танытатын оқушылар мен басқа да жоғары оқу орындарының студенттерін тартатын орынға айналады. Бұдан басқа, хаб базасында ұжымдық радиостанция жұмыс істейді. Оның көмегімен әлемнің басқа радиоәуесқойларымен радиобайланыс ұйымдастыруға болады», - деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма төрағасы, ректор Жансейіт Түймебаев.
Айта кетейік, бұл жоба туралы қосымша ақпаратты UniSat сайтынан алуға болады: https://unisat.kz/.