Түркістан облысында жігіт ғашығын тұншықтырып өлтірді

0
1 217

Қызды қызғаныштан өлтірген 10 жылға сотталды.


Түркістан облысында жігіт ғашығын тұншықтырып өлтірді

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысының Сайрам ауданында 22 жастағы жігіт құрбысын қызғаныштан өлтіріп қойды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Жігіт 20 жастағы бойжеткенмен кездесіп жүргеніне жылға жуық уақыт болған. Алайда үйленіп, шаңырақ көтеруге материалды жағдайы төмен болғандықтан мүмкіндігі болмаған.

Жігіт бойжеткенге Солтүстікке барып, бірге жұмыс істеп келуді ұсынған. Бірақ қыз бала жауап беруге асықпаған. Ауыл шетінде кездесуге келген нақсүйерінен бірге Солтүстікке кетуге келісімін ала алмаған жігіт оның басқа біреуі бар деген арам ойға кетеді. Қызғаныштан көзі көр болған ол бойжеткеннің мойнынан қатты қысып буындыра бастайды. Алысып жүріп қыз бен жігіт жанында ағып жатқан каналға құлап кеткен. Суда да жігіт ғашығын тұншықтырып, ақыры өлтіріп тынған.

Суға кеткен қыздың денесі сол күні ақ табылған. Алғашында жәбірленуші каналға жазатайым құлап, тұншығып өлді деп болжанған. Бірақ мәйіттің денесіндегі, мойнындағы буындыру белгілерін байқап, құзырлы органдар қылмыстық іс қозғаған. Күдікті ретінде бойжеткеннің жігіті құрықталған. Ұсталған жігіт бірден барлығын мойындап айтып берген.

Түркістан облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотының үкімімен нақсүйерін о дүниелік еткен жігітке қасақана кісі өлтіргені үшін айып тағылып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.