Түркістан қаласын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі

0
272

Кемшілікке жол берген аудан, қала әкімдерін қатаң сынға алып, аппаратқа жауапкершіліктерін заңға сәйкес қарауды жүктеді.


Түркістан қаласын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі

Түркістан қаласын абаттандыру бойынша 53 нысанның құрылысы жүргізіледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында аудан, қалаларды абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстары қатаң бақылауға алынған. Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде аталған саладағы мәселелер талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды көгалдандыру жұмыстарының маңызына тоқталып, жауапты басшыларға көгалдандыру, абаттандыру, тазалыққа қатысты жоспарды сапалы орындауды тапсырды. Кемшілікке жол берген аудан, қала әкімдерін қатаң сынға алып, аппаратқа жауапкершіліктерін заңға сәйкес қарауды жүктеді.


«Тазалық, көгалдандыру жұмыстары жыл бойы үздіксіз жүргізілуі тиіс. Егер Түркістанды түлетуге қала әкімдігінің күші жетпесе, басқармалар да атсалыссын. Түркістан – бәрімізге ортақ қала, бәріміз үлес қосуымыз керек. Дамыған елдер цифрлық экономиканы дамытуда, біз әлі осындай мәселелермен айналысып жүрміз. Аудан, қала әкімдері, тазалық, абаттандыру бойынша ұсыныс беріңіздер. Жұмыс та, әрекет те аз. Екіншіден, көгалдандыру бойынша өзіміз үшін кеңес өткізейік. Тағы да мамандарды шақырып, біздің аймақтың топырағына бейімделетін ағаштарды ғана нақтылайық. Саябақтарда, жол бойларында көгалдандыруды мойнына алған мердігерлердің жұмысы қадағалансын. Еккен ағаштары өспесе, басынан ектіру қажет», – деді Дархан Сатыбалды.


Мәжілісте Түркістан қаласының әкім Нұрбол Тұрашбеков қаланы абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстары бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша, Түркістан қаласы аумағын көгалдандыру мақсатында 2024 жылдың көктемінде қала аумағына 202 400 түп ағаш көшеттерін егу жұмыстары жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар басталып кетті.


Жоғарыда аталған көшеттердің 143 000 түбі елді мекендерді көгалдандырудың 2023-2026 жылдарға арналған іс-шара жоспарына сәйкес Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тарапынан алынады.


Түркістан қаласындағы көгалдандыру нысандарын күтіп-баптау жұмыстары 258 нысанда, жалпы, 626 га аумақта жүргізіледі. Бүгінгі таңда, қала бойынша жалпы күтіп-баптау аумағында 262 га көгал, 1 296 363 түп ағаш пен бұталар бар. Күтіп-баптау жұмыстары қаңтар айынан желтоқсан айы аралығанда жыл бойы жүргізіледі. Аталған жұмысқа «Жасыл Түркістан» КММ-і жауапты. Алдағы уақытта күтіп ұстау жұмыстары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы аясында жүзеге асырылады.


Қалада абаттандыру саласы бойынша 2024 жылы жалпы 53 нысанның құрылысын жүргізу жоспарға қойылды. 23 ойын алаңшасы, 4 саябақ пен сквер және 22 нысанда негізгі көшелердің көгалдандыру жүйелерін ағымдағы жөндеу жұмыстары іске асады.


Қала көлемінде кестеден тыс көше бойына қоқыс шығару немесе белгіленбеген орындарға қоқыс тастау, ауыр жүк көліктерінің қала шетіне қоқыс төгіп кетуі тиылмай отыр. Осыған орай қалалық полиция басқармасымен арнайы рейдтік іс-шара ұйымдастырылып, қоғамдық орындарды ластағаны және кестеден тыс күндері есік алдына қоқыс шығарғаны үшін өткен жылы 621 азаматқа ескерту берілсе, 1066 азаматқа айыппұл салынды. Сонымен қатар қала тазалығын қамтамасыз ету және тұрғындарды сенбілікке тарту, ағаш егу үйлердің қасбеттерін реттеу мақсатында «Мен өз қалама үлесімді қосамын» акциясы жарияланды. «Таза қала – 2024» байқауы ұйымдастырылады.


Облыс әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аумақтық даму бөлімінің бас инспекторы Нұркен Аралбековтің баяндамасы тыңдалды. Абаттандыру, көгалдандыру және тазалық бойынша тиісті тапсырмалар беріліп, жұмыстар бақылауға алынды.