Түркістан қаласын дамыту жұмыстары бәсеңдемейді

0
327

Газ тұтынушылар 98 пайыздан асты.


Түркістан қаласын дамыту жұмыстары бәсеңдемейді

Түркістан қаласында инфрақұрылыммен қамту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгінде Түркістан қаласында газ тұтынушылар 98 пайыздан асты. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков мәлім етті.


Әкімнің мәлімдеуінше, Түркістанның жалпы аумағы соңғы үш жылда 19,6 мың гектардан 22,4 мың гектарға ұлғайып, халық саны 165,4 мың адамнан 220 мыңнан аса жуық адамға жетті.


«Қаладағы кешенді жоспарлар Мемлекет басшысының «Түркістанды түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі бас жоспардың тұжырымдамасын мақұлдау туралы» Жарлығына сәйкес жүзеге асырылып келеді. Қазіргі таңда Түркістан қаласын дамытудың ІІ кезеңі жоспарлы жүзеге асырылуда. Жалпы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қаланы сипаттайтын басты көрсеткіш жалпы өңірлік өнім көлемі 2023 жылдың қаңтар-наурыз айына 47,5 млрд.теңгеге жетіп, 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 5,6% артты. Оның ішінде өнеркәсіп саласына 13,1 пайыз (6,2 млрд.теңге), ауылшаруашылық саласына 2,2 пайыз (1 млрд.теңге), орындалған құрылыс жұмыстары 35,1 пайыз (15,6 млрд. теңге), тауар айналымы және қызметтерді өткізу көлеміне 49,6 пайызы (17,8 млрд.теңге) тиесілі», - деді шаһар басшысы.


Сондай-ақ Түркістан қаласында 2022 жылы ірі жобалар іске қосылып, туризм саласы жаңа қарқын алған. Оның ішінде «Шаға» жағажайы, Тұңғыш Президент Саябағы, «Ramada by Wyndham Turkistan» қонақ үйі, «Turan Mall», «Turkistan Plaza» ойын-сауық орталықтары ашылды. 2023 жылы қаңтар-наурыз айларында Түркістан қаласына келуші зияратшылар мен туристердің саны 130,5 мың адамға жетті, яғни былтыр осы кезеңімен салыстырғанда 7,4% өсті.


Шаһар басшысының айтуынша, қала аумағында 61 мектеп (50 716 оқушы) бар болса, оның 34 мемлекеттік (43 290 оқушы), 27 жекеменшік (7 426 оқушы). Бүгінгі таңда 29 мектеп 2 ауысымды болса (оның ішінде, 3 мектеп 3 ауысымға қаупі бар), 4 мектеп 3 ауысымды. Қала аумағында мектептердің мәселесін шешу мақсатында 8 мектептің құрылысы 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» жобасы арқылы жүзеге аспақ. Оның 3-уі (ӘІО – 2, әрқайсысы – 2 000 орындықтан), Яссы тұрғын алабы – 1 (1 200 орындық)) биыл басталады.


Брифингте белгілі болғандай, Түркістанда 42 014 электр абонентінің 35 679-ы сапалы электр қуатымен қамтылған. Өтпелі 7 нысанның құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Жалпы 2022 жылы 3 нысанның құрылысы жүргізіліп, 90% жұмысы орындалды. Нәтижесінде 3897 абонент сапалы электр қуатына қол жеткізді. Биыл қала тұрғындарын электрмен қамтуды 98,5%-дан 99% жеткізу жоспарланған.


Бұдан бөлек брифингте Түркістан қаласында 42 014 абоненттің ауызсумен 41 552 абоненті, яғни 98,9 пайызы қамтамасыз етілгені айтылды. 2023 жылы 4 нысанның құрылысын аяқтау көзделіп отыр (Мақтазауыт, 1-2 м/а, Яссы ж/е Шауғар, Жаңадан қоныстанған аумақтар, Яссы Шауғар – 10 178 абонент). Биыл жаңадан қоныстанған аумақтарды ауызсу жүйесімен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетпек.


Түркістан қаласында газбен қамту жұмыстары да қарқын алған. Бұл ретте, 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін 52 052 абонентке табиғи газ желісі қолжетімді болған. 6 секторда 42 014 абонент газбен жабдықтау желілеріне қосылды. Бүгінде көгілдір отынды 41 217 абонент немесе қала тұрғындардың 98,1 пайызы дербес шот ашып, пайдаланып отыр. Газ құбырына қосылмаған 797 абонент (1,9 %) бойынша ішкі монтаж жұмыстарын атқаратын мердігер мекемелермен бөліп төлеу бойынша ұсыныстар жолданды. Ал, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға табиғи газ желісіне қосылуға демеушілер ұйымдастыру бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.