Түркістан қаласында бірыңғай билет жүйесі енгізіледі

0
1 480

Рухани-мәдени орталықта бой көтерген нысандарға кіру үшін электронды терминалдар орнатылмақ.


Түркістан қаласында бірыңғай билет жүйесі енгізіледі

Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық музейі аумағына кіру билеттері сатылымға шығады, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бүгіннен бастап Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық музейі аумағына кіру билеттері "Visit centre” ғимараты ішінде сатыла бастады. Ал, жуық арада Рухани-мәдени орталықта бой көтерген нысандарға кіру үшін электронды терминалдар орнатылмақ.

Нәтижесінде, кесене аумағындағы касса дүңгіршектері алынып, «Visit centre» ішінде терминал орнатылмақ. Яғни, келушілер алдымен «Visit centre» орталығына барып, терминал арқылы баратын нысандар мен орындарды таңдап, шыққан сома бойынша төлем жасайды. Төлем жасаған уақытта арнайы чек беріліп, сол арқылы нысандарға кіруіне рұқсат болады.

Алдағы уақытта, терминалдарды "Түркістан Халықаралық Әуежайы" аумағы, «Rixos Turkistan» қонақ үйі және «Керуен сарай» кешені ішіне қою жоспарланып жатыр. Жалпы, жаңа жүйе арқылы студенттерге, балаларға, көпбалалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне жеңілдіктер беріледі. Ол үшін азаматтардан растайтын құжат талап етіледі. Алдағы уақытта төлем жасау үшін кассаға бармай, сайт және QR код арқылы да төлеу мүмкіндігі қарастырылып, қосымша жасақталмақ.