Түркістан қаласының әкімі коронавирус жұқтырды

0
750

Бірнеше күн бұрын денсаулығы сыр бере бастаған.


Түркістан қаласының әкімі коронавирус жұқтырды

Түркістан қаласының әкімі Covid-19 індетіне шалдықты, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов өзінің Facebook желісіндегі ресми парақшасында коронавирус жұқтырғанын мәлімдеді. Қала басшысының айтуынша, бірнеше күн бұрын денсаулығы сыр беріпті. Енді әкімдік ғимаратында залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, қызметкерлер де анализ тапсыратын болады.

«Құрметті Түркістан қаласы тұрғындары!
Осыдан бірнеше күн бұрын денсаулығым сыр беріп, дәрігерлер көмегіне жүгінген едім. Алдыңғы күні тапсырған ПТР анализі оң нәтиже көрсетіп, Covid-19 індетіне шалдыққанымды растап отыр.

Жұмыс барысымен, күнделікті, адам саны көп жерлерде болуға мәжбүрміз. Қанша сақтық шараларын орындасақ та, бұл індет шет айналып өтпеді. Нақты кімнен, қашан жұққанын анықтау жұмыстары да жүргізілуде.

Осыған орай, үйде оқшаулануға мәжбүрмін. Жұмысты алшақтан қадағалап, пайдалы болуға тырысамын. Дегенмен, қала әкімдігі жұмысы уақытша орынбасарым Мұсаев Тәжібек Қалманұлына жүктелді.

Әкімдік ғимаратында залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, қызметкерлер де анализ тапсыратын болады.

Бұл күндер де көп ұзамай өтіп кетеріне сенемін. Амандықта жүздесу бұйырсын! Дендеріміз сау, жақындарымыз аман болсын!», - делінген Рашид Абатұлының жазбасында.