ТҮРКІСТАН: «Кәсіпкерлік қырандары» жобасының ІІІ шығарылымында 7 жоба таныстырылды

0
788

«Кәсіпкерлік қырандары» – бірегей жоба.


ТҮРКІСТАН: «Кәсіпкерлік қырандары» жобасының ІІІ шығарылымында 7 жоба таныстырылды

Түркістандағы «Кәсіпкерлік қырандары» жобасының ІІІ шығарылымында 7 жоба таныстырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістанда «Кәсіпкерлік қырандары» жобасының ІІІ шығарылымы өтті. Бизнесті бизнеске қолдау көрсетуге шақыратын маңызды іс-шараға облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев пен кәсіпкерлер, менторлар, жоба авторлары қатысты. Өңір басшысы бұл жобаның кәсіпкерге берері көп екенін айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.


«Бүгін сіздермен қайта қауышып, «Кәсіпкерлік Қырандары» жобасының кезекті маусымын өткізгелі отырмыз. Жобаның ерекшелігі – «Кәсіпкерлік Қырандары» арқылы ірі бизнес өкілдері капиталы жоқ, бірақ бизнес идеясы бар, кәсіпкерлікке жаңа қадам басқан азаматтарға қолдау көрсетеді. Бүгінде «Кәсіпкерлік Қырандары» бойынша қолдау алған стартап жобалар (16 жоба 44 млн. теңге) өз кәсіптерін дөңгелетіп, өнімдерін өндіріп жатыр. Әрине кәсіпкерлерді қолдау Мемлекет басшысының, Үкіметтің ұдайы назарында тұрған мәселе. Бизнесті қолдауға бағытталған кең көлемдегі бағдарламалар осының дәлелі. «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламалары облыс кәсіпкерлерімен жақсы қолданылуда. «Қарапайым заттар экономикасы» арқылы кәсіпкерлер 47 млрд. теңгеге жеңілдетілген 6%-бен несиеленген болса, «Бизнестің жол картасы 2025» арқылы жыл соңына дейін 40 млрд. теңгеге несиелеу күтілуде. Жаңадан бизнесті бастау, жобаны қаржыландыруда жобаның маңызы зор. Сондықтан ізбасар буынға жасап жатқан қолдаулар үлкен құрметке лайық. «Кәсіпкерлік Қырандары» жобасы бірінші кезекте стартап жобалар үшін қажетті қаржылай қолдау болса, екенші кезекте қаржы салымын жасаған менторлар үшінде инвестиция көзі деп айтуға болады. Яғни, екі жаққа да ұтымды инвестиция. «Кәсіпкерлік Қырандары» жобасына қолдау көрсеткен менторларға алғысымды айтқым келеді. Сіздер өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жатырсыздар», – деді ол.


Жобаның осы кезеңіне «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымов пен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қайнар Абасов та қатысты.


Айта кетейік, «Кәсіпкерлік қырандары» – бірегей жоба. Ол Түркістан облысында шағын бизнесті қолдау үшін іске қосылған. Жобаны Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы мен облыс әкімдігі жүзеге асырып отыр. Мақсаты – өңірдегі ірі, орта кәсіпкерлер микробизнесті, стартаперлерді қолдайды. «Бастау Бизнес» түлектеріне инвестиция сала отырып, қаржылау қолдау көрсетеді, ментор болады. Ментор жобаны сүйемелдейді.


«Кәсіпкерлік Қырандары» жобасының үшінші кезеңінде 7 жоба ұсынылып, талқыланды. Олар: Медициналық қалдықтарды жоятын цех; Жарқыраған тратуарлық жол плиткаларын шығаратын цех; «Тармақтар» кітабы; Қолдан ұрықтандыру және ветеринарлық станция; Ғарыштық байланыс және спутниктік робототехника кешені; «Eco-Protect» дөңгелектерді қайта өңдеу жобасы және мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті әмбебап монша салу бастамасы ұсынылды.