ТҮРКІСТАН: Қасымхан Бегмановтың өлеңдері туған жерінде ұлықталды

0
719

Шығармаларын халық арасында насихаттайтын мұндай шаралар дәстүрге айналмақ.


ТҮРКІСТАН: Қасымхан Бегмановтың өлеңдері туған жерінде ұлықталды

Сауран ауданында «Тіл деген алып мұхит түбі терең» атты аудандық көркемсөз байқауы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Сауран ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Тіл деген алып мұхит түбі терең» атты аудандық көркемсөз байқауы өтті. Байқау Сауран ауданы, Бабайқорған ауылының тумасы, Қазақстан Жастар Одағы және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының лауреаты, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының, Халықаралық жазушылар мен публицистер қауымдастығының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Қасымхан Бегмановтың шығармашылығына арналды.


Байқауға 12 ауылдық округтен 15 үміткер қатысты. Қатысушылардың жасына шектеу болмады. Қатысушылар біртуар азаматтың шығармаларын мәнерлеп оқыды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай байқауларды өткізу мақсаты ауданнан шыққан ақын, жазушылардың шығармаларын халық арасында насихаттау, сонымен қатар тілге деген құрметті өлең арқылы көтеру болып саналады.


Жыр бәйгесіне облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов, «Бәйшешек» балабақшасының меңгерушісі, «Ұмай ана» аналар кеңесінің төрайымы Тамара Ерімбет, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Алтын қауырсын» номинациясының иегері, Сауран аудандық мәдениет үйінің режиссері Сайлаухан Жоланов қазылық етті.


Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Абай ауылынан Махамбет Айкөркем иеленді. І орын ХХХ жылдық ауылынан Анарбай Аружанға бұйырды. Ал ІІ орынға Нұртас ауылынан Қалдыбекқызы Нұрбақыт лайықты деп тағылды. ІІІ орын Жүйнек ауылынан Сәрсенбек Жәудірге табысталды.


Сауранның ғана емес, күллі қазақ мақтанышы Қасымхан Бегманов өрелі өлеңімен жастарға рух беріп жүрген қаламгер. Туған елдің тұлғаларын ұлықтау мұнымен тоқтамайды. Шығармаларын халық арасында насихаттайтын мұндай шаралар дәстүрге айналмақ.