ТҮРКІСТАН: Қажымұқанның 150 жылдығына арналған турнир өтті

0
873

Жарыс жеңімпаздарына күш атасы бейнеленген кубоктар мен медалдар, қаржылай сыйлықтар табысталды.


ТҮРКІСТАН: Қажымұқанның 150 жылдығына арналған турнир өтті

Ордабасы ауданында қазақ күресінен Күш атасы – Қажымұқанның 150 жылдығына арналған жасөспірімдер арасында облыстық турнир өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Ордабасы ауданына қарасты Төрткүл ауылдық округінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына арналған Қазақ күресінен 2005-2006 жылғы жасөспірімдер арасындағы облыстық ашық турнир өтті. Облысымыздың аудан-қалаларынан келген командалар сапында 100-ден аса жас балуандар өзара кім мықтыны сарапқа салды.


Төрткөлдегі жаңа пайдалануға берілген спорт кешенінде өткен турнирге аудан әкімі Бағлан Батыршаев, облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев, Шымкент қалалық Мәслихатының депутаты Байкен Әшірбаев бастаған ел ағалары мен ардагерлер қатысып, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.


«Өздеріңізге белгілі, қазақ күресі десе есімізге даңқты балуан, күш атасы – Қажымұқан бабамыз түседі. Бүгінде боз кілемге шыққан қаншама жастарымыз спорт әлемінде, оның ішінде күрес саласында жауырыны жерге тимеген аңыз адам – Қажымұқан атамызды үлгі тұтады. Күрестегі жетістіктеріне еліктейді. Төрткүл төрінде ел игілігіне берілген жаңа спорт кешенінде болашақ әлем чемпиондары бүгін жеңіс үшін бар күш-жігерін салады деп сенемін», - деді аудан басшысы Бағлан Дәнебекұлы жарыстың ашылу салтанатында.


Облыстық ашық біріншілікте командалық есепте Түркістан облысының командасы бірінші орын иеленсе, шағалалалы Шардара ауданының командасы екінші орынды, Бадам-Жусансай құрама командасы үшінші орынды еншіледі. Жекелей сайыс түрінде жұртты елең еткізген «Түйе балуан» номинациясын Бейсенәлі Мейірхан қанжығасына байлады. Бауыржан Шайхыислам мен ДәуітСейітхан екінші, үшінші орынға тұрақтады. Жарыс жеңімпаздарына күш атасы бейнеленген кубоктар мен медалдар, қаржылай сыйлықтар табысталды.