ТҮРКІСТАН: Қазығұртта су электр станциясы іске қосылады

0
685

Су электр станциясының қуаттылығы 1,3 МВт/сағ болады.


ТҮРКІСТАН: Қазығұртта су электр станциясы іске қосылады

Қазығұрт ауданында жалпы құны 400 млн теңгелік су электр станциясы жобасын іске қосу жоспарлануда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Қазығұрт ауданында жалпы құны 400 млн теңгелік қуаттылығы 1,3 МВт/сағ кіші су электр станция жобасын іске қосу жоспарлануда. Бүгінгі таңда жер телімдері тегістеліп, ғимараттың құрылысы басталды. Кәсіпорын 2022 жылы іске қосылатын болады. Бұл туралы аудан әкімі Арман Абдуллаев мәлімдеді.


Аудан басшысының айтуынша, аймақтағы өнеркәсіп кәсіпорындарының өнім көлемі 9 айда 9 млрд 355,5 млн теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 2 млрд 449,4 млн теңгеге артқан. Қазығұрт ауданындағы индустриалды аймақта қазіргі таңда, 7,3 млрд теңгелік 5 жоба орналасқан.


«Ауданда негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 9 айда 15 млрд 445,9 млн теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 млрд 335,8 млн теңгеге артты. Ауданымыздағы шағын және орта бизнес саласы қарқынды дамуда. Бүгінгі таңда олардың саны 9 637 бірлікке жетіп, 9 469-ы жұмыс істеп тұр. Аталған мекемелерде 14 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. 2021 жылы ауданда жалпы құны 5,2 млрд теңгелік, 318 жұмыс орнын құрайтын 71 жобаны іске асыру жоспарланған. Ағымдағы жылдың 9 айында 42 жоба ашылып, 161 адам жұмыспен қамтылған», - деді Арман Айдарұлы.


Сонымен қатар, ауданның ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 9 айда 45 млрд 987 млн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 11 млрд 495,8 млн теңгеге өскен.


Аудан бойынша 61 елді мекеннің ауыз сумен қамтылғаны 57-ге жетіп, қазіргі таңда қамту деңгейі 93,4 пайызды құрап отыр. 2023 жылы 2 елді мекен ауыз сумен қамтылып, нәтижесінде барлық елді мекендер толық ауыз сумен қамтылмақ. Сондай-ақ, ауданда 61 елді мекеннің 44-і табиғи газ жүйесімен қамтылып, 72,1 пайызды құрайды. 2022 жылы қамту көрсеткіші 80,3%-ға жетпек.