ТҮРКІСТАН: Келес ауданын дамытуға мемлекеттік қолдау жалғасады

0
441

Тұрғындармен кездескен әкім сұрақтарға жауап берді.


ТҮРКІСТАН: Келес ауданын дамытуға мемлекеттік қолдау жалғасады

Өмірзақ Шөкеев Келес ауданына барып, тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Келес ауданына барып, тұрғындармен кездесті. Ұсыныс-пікірлерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Облыс әкімі алдымен «Мерген-Н» ЖШС минералды су, алкогольсіз сусындар өндіру зауытының жұмысымен танысып, сол маңда тұрғындармен кездесу өткізді.


Облыс әкімі мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен кәсібін бастаған азаматтар мен тауар өндірушілердің көрмесін тамашалады. Мемлекеттік грант иегерлері бизнес бастап, жаңа кәсіпті игеруде. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы саласындағы жобалармен танысты. Жергілікті өнертапқыш әрі ауыл шаруашылығы саласының маманы Абзал Жасұзақтың құрастырған шағын тракторын көрді.


Келестіктер органикалық тыңайтқыштарды өндіруді қолға алған. Калифорния қызыл құртынан (шылаушын) жасалған таза органикалық тыңайтқыш химиялық тыңайтқыштарға кететін шығындарды азайтып, жердің құнарлығын арттырып, өнім көлемін арттыруға септігін тигізеді.


Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев келестіктермен кездесіп, олардың сауалдарын тыңдады.


«Есеп беру форматы жаңарып, барлық аудан, қаланы аралап, елмен кездесудеміз. Мақсат – өздеріңізбен көзбе-көз сөйлесіп, ауданның мәселелерін талқылау. Байланыс орнату. Елдің ұсыныстарын сараптап, мәселелерді бірге шешу. Бұның бәрі еліміздегі саяси реформалардың бір көрінісі деуге болады. Қазір Ата заңға өзгерістер енгізу жөнінде референдум өткізу ұсынылып, ол талқыланып жатыр. Енді Келеске келсек, біз жаңа аудан құрылған сәттен бюджетін молайтып, барынша қолдау көрсетіп келеміз. Жасыратыны жоқ, біраз елді мекеннің инфрақұрылымы артта қалып қойған еді. Реттеліп келеді. Аудан орталығы көркейіп, жаңа ғимараттармен толықты. Ауданда құрылыс қарқыны күрт өсті. Былтыр бір жылда 20 мың шаршы метр үй берілді. 10 миллиард теңгенің жұмысы атқарылған. Газ бойынша 9 елді мекеннің құрылыс жұмыстары аяқталды. Бұл – жақсы көрсеткіш. Келестік ағайынның өзекті мәселелерін шешу бойынша жүйелі жұмыс жалғасады», – деді Өмірзақ Шөкеев.


Кездесуде тұрғындар әсіресе, жайылым мәселесін көп қозғады. Сонымен бірге мектеп тапшылығы да ашық айтылды. Газбен қамту, мал ұрлығы, каналдарды жөндеу және өзге де сұрақтар қойылды. Өңір басшысы мал ұрлығы бойынша жергілікті полиция басшысына жұмысты ширату жөнінде тапсырма берді.


«Ұрлық – ең ауыр қылмыс. Біреудің маңдай тері мен еңбегімен өсірген малын ұрлауға жол берілмеуі тиіс. Полиция жұмысты күшейтсін», – деген әкім басқа сұрақтарға да жауап берді.


«Жайылым тапшылығы – барлық ауданға тән проблема. Мал басы артқан. Мемлекет тарапынан пайдаланылмай жатқан алқаптарды ортақ жайылымға беру бойынша жұмыс жүріп жатыр. Бірақ онымен шешілуі қиын. Бұл ретте малшыларымыз мал бордақылау алаңдарын көбейту ісін қолға алғаны жөн. Жайылымдарды көбейту жұмысы жалғасады. Екіншіден, жұмыссыздық мәселесіне келсек, қазір үкімет тарапынан, облыс әкімдігі тарапынан жұмыс орындарын қысқартпау бағытында жұмыстар жүріп жатыр. Ауылда ауыл шаруашылығымен айналысу, үй іргелік жерді пайдалану тиімді. Оны үйретіп те, кәсіпкерлікке ден қойған азаматтарға қолдау көрсетіп те жатырмыз. «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы Келес ауданынан бастау алған. Қазір аймаққа кең таралды. «Саңырау» каналы жөнделеді. Жалпы, су жылдан-жылға азайып жатыр. Тамшылатып суғару әдісіне көшу қажет. Мектеп мәселесіне келсек, жыл сайын Келесте 2-3 мектеп салынады. Бұл мәселені да назарда ұстап отырмыз», – деген Өмірзақ Шөкеев жол мен газға қатысты өтініштерді де назарға алып, жауапты басшыларға тапсырма берді.


Кездесуден кейін облыс әкімі тұрғындарды өтініштері бойынша жеке қабылдады. Тұрғындар жеке бастарына қатысты өтініштерін жеткізді. Жұмыс сұрап, шаруашылық жер сұрағандар болды. Балық дамытуды қолға алуды көздеген кәсіпкер жеңілдетілген несие сұрады. Облыс басшысы барлық өтініштердің заң аясында жүзеге асатынын жеткізді.


Өткен жылы Келес ауданына барлығы 13,1 млрд. теңге инвестиция тартылып, 2020 жылмен салыстырғанда 543,5 млн. теңгеге немесе 104,3%-ға өскен. Ауыл шаруашылығы саласындағы өндірілген өнім көлемі 62,2 млрд. теңгені құрап, 2020 жылмен салыстырғанда 123,4 пайызға немесе 11,8 млрд. теңгеге артты. Егін шаруашылығы бойынша егіс көлемі 24,5 мың гектарға кеңейтіліп, 187 гектарға артты. Көкөніс, картоп және бақша дақылдарынан өнім 384,9 мың тоннаға жеткен. Ауданда алдыңғы қатарлы озық технологияны қолдана отырып, 1 алқаптан жылына 2-3 рет өнім алу бойынша 316 жоба өз жұмысын бастап, 121 мың тонна бақша және көкөніс өнімдері жиналған.