ТҮРКІСТАН: Келес ауданында агросаланы дамытатын жобалар жүзеге асырылады

0
773

Ауданда газдандыру, ауыз сумен қамту бағытындағы жүйелі жұмыс жалғаса береді.


ТҮРКІСТАН: Келес ауданында агросаланы дамытатын жобалар жүзеге асырылады

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданы тұрғындарымен кездесуде кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығын дамыта отырып, көрші елге өнім экспорттау мәселесін көтерді. Ауданның әлеуеті жоғары екенін айтты.


«Ауыл шаруашылығы саласында былтыр 70 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Оның ішінде мал шаруашылығы өнімінің көлемі – 25 млрд. теңге. 26 мың гектарға егіс егіліп, өсімдік шаруашылығында өндірілген өнімі 45 млрд. теңгені құрады. Ауыл шаруашылығын дамыту үшін мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Сол мүмкіндікті пайдаланып, кәсіпкерлікті, шаруашылықты дамытып, өнімдерді экспортқа шығару керек. Әр аудан белгілі бір салаларға мамандандырылып, нақты жоспармен жұмыс істесе, нәтиже болады. Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы пилоттық режимде Ошақты, Қошқар-ата ауыл округтерінде іске асырылады деп жоспарланып отыр. Бұл бағдарлама тұрғындардың әл-ауқатын көтеріп, табысын арттырады деп сенемін», – деді Дархан Сатыбалды.


Кездесуде тұрғындармен былтырғы жүздесу нәтижесінде атқарылған жұмыстар баяндалды. Тұрғындар өтінішіне орай, «Ақылбексай» су қоймасынан шығатын «Саңырау» каналына орта жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 21 млн. теңге қарастырылып, 6 шақырымы механикалық тазалаудан өткізілді. Ақтөбе ауылдық округі Көкбұлақ елді мекеніндегі Ақниет-2 көшесінің орташа жөндеу жұмыстарына қаржы қаралып, асфальт төселді. Былтыр елді мекендердің ішкі көшелерін күтіп ұстау, сондай-ақ әлеуметтік нысандардың алдына жол белгілері мен кедергілерін орнатуға қаржы қаралды. Сол арқылы 150 дана жол белгісі мен 32 дана жасанды жол кедергісін орнату, 200 шаршы метр мектеп аумағына жаяу жүргіншілер жолағын сызу жұмыстары жүргізілді. Кездеу мен жеке қабылдауда түрлі бағытта өтініштер айтылып, олар хаттамаға енгізілді. Тиісті жұмыс жүргізіледі.


Өнеркәсіп өнімінің көлемі былтыр 5,3 млрд. теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 300 млн. теңгеге артты. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 18 млрд. теңгеге жуықта, 2021 жылмен салыстырғанда 5 млрд. теңгеге артты. Алдағы екі жылда жалпы құны 58 млрд. теңгеге 3 жобаны іске асыру жоспарлануда. Жобалар толық іске асырылған жағдайда 700-ден астам жұмыс орын ашылады.


Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 10 мыңнан асып, қазіргі таңда 12 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Халықтың табысын арттыру мақсатында арнайы жұмыспен қамту картасы бекітіліп, Келес ауданы бойынша былтыр 2 мыңнан астам (2 143) жаңа жұмыс орны ашылды. «Еңбек» бағыты бойынша былтыр 7 708 адам жұмыспен қамтылды.


Сонымен қатар Мемлекет басшысының 10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу жөніндегі тапсырмасы аясында 1311 жұмыс орны ашылды.


Келес ауданында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 5 мектеп салынады. Мәдениет саласы бойынша «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Жамбыл, Қошқар ата елді мекендерінде 2 мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарына 653 млн. теңге қаралды. Ауданда газдандыру, ауыз сумен қамту бағытындағы жүйелі жұмыс жалғаса береді.