ТҮРКІСТАН: Келес ауданындағы ауылдардың инфрақұрылымы жақсарады

0
694

7 мектептің құрылысына қаржы қарастыру жөнінде ұсыныс берілген.


ТҮРКІСТАН: Келес ауданындағы ауылдардың инфрақұрылымы жақсарады

Келес ауданындағы ауылдарда ауызсу, газ және электр қуатымен қамту жұмыстары жүргізіледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінде БАҚ өкілдерімен кездескен аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев айтып берді. Брифинг барысында аудан әкімі биыл 15 мың гектар жер ортақ жайылымға қайтарылатынын айтып, тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын құру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.


«Келес ауданындағы 83 елді мекеннің 57-сі ауызсумен қамтылған. 7 елдімекенге су тарту экономикалық жағынан тиімсіз болып танылса, қазір 4 ауылға су құбыры тартылып жатыр. Биыл тағы бір елді мекенді таза ауыз сумен қамту үшін құрылыс жұмыстары басталса, 3 елді мекенге су тартудың сәулет жоспарлау тапсырмасы әзірленіп, жобалаушы мекемені анықтауға мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде. Қалған 10 елді мекен жерінің астындағы су қорын зерттеу бойынша облыстық басқармаға ұсыныс берілген. Сонымен қатар, сапалы электр қуатымен қамтылмаған 20 елдімекеннің 8-інде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатса, 8 елді мекенді электр қуатымен қамту мақсатында жобалық-сметалық құжаттар әзірленген. Аудандағы 50 елді мекен табиғи газ жүйелерімен қамтылса, 7-еуі экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып танылған. Бұл тұрғыда 13 елді мекенге көгілдір отын беру бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр», - деді аудан басшысы өз сөзінде.


Брифингте мәлім болғандай, аудан аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1172,3 шақырымды құраса, оның 65,7 пайызы қанағаттанарлық жағдайда екен. Жыл соңына дейін 60,7 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бұл көрсеткіш 70,9 пайызға жеткізілмек. Одан бөлек, облыстық салалық басқармаларға ауданға қажетті 7 мектептің құрылысына қаржы қарастыру жөнінде ұсыныс берілген.