ТҮРКІСТАН: Келес ауданының мәдениет күндері мәресіне жетті

0
679

Келесі көшті 21-23 шілде аралығында Арыс қаласының өнерпаздары жалғастыратын болады.


ТҮРКІСТАН: Келес ауданының мәдениет күндері мәресіне жетті

Келес ауданының мәдениет аудан өнерпаздарының қатысуымен өткен гала-концертпен қорытындыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


«Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясындағы Келес ауданының мәдениет күндері «Visit Turkistan» орталығы алаңында аудан өнерпаздарының қатысуымен өткен гала-концертпен қорытындыланды. Салтанатты шараны Келес ауданы әкімі Жәнібек Ағыбаев ашып беріп, Түркістан жұртшылығын облыстың 5 жылдығымен құттықтады.


Мәдени шарада ауданнан шыққан танымал тұлғалардың туындылары мен күмбірлеген күй, мың бұралған би де көрініс тапты. Кештің арнайы қонағы Сержанәлі Әлібек қала кешін әсем әнге бөлеп, кеш жүргізушілері әзіл-сықақшы Ардақ Ермеков және «Нысана» театрының әртісі Мәди Төреқұлов қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл күй сыйлады.


Келес ауданының Түркістан қаласындағы мәдениет күндері үш күнге жоспарланған болатын. Шараның алғашқы күнінде Этноауылда ұлттық салт-дәстүр мен әдеп-ғұрыптар көрінісі көпшілікті тәнті етті. Ал екінші күні қылқалам және қолөнер шеберлерінің көрмесі мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.


Сонымен қатар арқан тарту, садақ ату, гір көтеру, ләңгі тебу т.б. ұлттық спорттық ойындардан жарыс ұйымдастырылды.


Айта кетейік, аталмыш фестиваль тамыз айына дейін өтетін болады. Аудан-қалалар Түркістан қаласында апта сайын өз өнерлерін көрсетеді деп жоспарлануда. Келесі көшті 21-23 шілде аралығында Арыс қаласының өнерпаздары жалғастыратын болады.