ТҮРКІСТАН: Келес ауданының орталығында кешенді шаралар атқарылып жатыр

0
549

Демалушыларға жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды ұйымдастыру жауаптыларға жүктелді.


ТҮРКІСТАН: Келес ауданының орталығында кешенді шаралар атқарылып жатыр

Келес ауданының орталығы жаңа келбетке енеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Келес ауданының орталығы Абай ауылын дамыту бағытында кешенді шаралар атқарылуда. Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев іске асатын жобалар барысын талқылау мақсатында Абай ауылындағы М.Артықов көшесінің бойын аралады. Әкім кәсіпкерлік нысандардың қасбетін ретке келтіру бойынша жауапты дербес бөлім басшысы мен Абай ауылының әкіміне тиісті тапсырмалар жүктеді.


Нақтырақ тоқталсақ, аудан басшысы Абай ауылының шығыс беткейіне заманауи үлгідегі сквер құрылысын жүргізу үшін қажетті шаралар атқаруды, орталық көшелердегі ғимараттардың сыртқы қасбеттерін бірдейлендіру бойынша эскиздерді дайындауды және Араншы каналының бойын абаттандыру бойынша тапсырма берді. Ол тапсырмалардың орындалуын аудан басшысы өз бақылауына алатынын жеткізді.


Сондай-ақ аудан әкімі Абай ауылынан өтетін республикалық А-15 автотрассасының бойын жаяу аралап шықты. Қасына аудандық тиісті бөлім басшылары мен Абай ауылының әкімін ерткен аудан басшысы егілген көшеттерді күтіп-баптауда орын алатын кемшіліктер кешірілмейтінін атап өтті.


«Өңірімізді көгалдандырып, жасыл желекке айналдыру - басты мақсатымыз. Әрбір егілген ағаш көшеттеріне су құйып, қажетті дәрумендерін беруді тұрақты түрде ұйымдастыру қажет. Бүгін біршама көшеттерді егуде қателіктерге жол берілгенін көрдік. Кемшіліктерді тез арада қалпына келтіру қажет», - деді Жәнібек Есенұлы.


Аудан әкімі аралау барысында Абай ауылында орналасқан нысандардың қасбетіне сын айтты. Ретке келтіру бойынша нысан иелерімен кездесіп, келіссөздер жүргізді. Сонымен қатар аудан орталығы іргесінде орналасқан төлқұжат құрылысы көңіл көншітпейтінін жеткізді. Тез арада заман талабына сай төлқұжат тұрғызуды және айналасындағы абаттандыруға ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Ал №5 жалпы орта мектебінің маңындағы саябақты кеңейтіп, демалушыларға жағдай жасау бағытында тиісті жұмыстарды ұйымдастыруды жауаптыларға жүктеді.