ТҮРКІСТАН: Келесте Нұржан Смановтың жүлдесіне арналған халықаралық жарыс өтіп жатыр

0
356

Спорттық сайыс 20 мамырға дейін жалғасады.


ТҮРКІСТАН: Келесте Нұржан Смановтың жүлдесіне арналған халықаралық жарыс өтіп жатыр

Келес ауданында Нұржан Смановтың жүлдесіне арналған халықаралық жарыс өтіп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Келес ауданында бокс спортынан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, танымал боксшы Нұржан Смановтың жүлдесіне арналған бокстан жасөспірімдер арасында халықаралық турнир басталды. 1997 жылдан бері аталған турнир өткізіліп, көптеген жас спортшылардың мүмкіндігі саралануда. Спорттық сайыстың ашылу салтанатына Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев арнайы қатысты. Аудан басшысы көпшілікті спорт мерекесімен құттықтап, Нұржан Смановтың иығына шапан жапты.


«Нұржан Дініқұлұлын ел халықаралық аренада спорттан елеулі жетістіктерге жетіп, ел намысын қорғап, Қазақстан Республикасының Әнұранын шырқатып, туын желбіреткен азамат ретінде жақсы таниды. Ол өзінің еңбекқорлығы, қайсар мінезінің арқасында жетістіктерге жетті. Келес өңірінің тумасы өзінің 15 жылдық спорттық карьерасында 52 медаль жеңіп алған. Көптеген жас жеткіншектерге жол көрсетіп, белін буған боксшыны Келес жұрты жақсы көреді. Кешегі өткен Әлем чемпионатында алтын алған Санжар Тәшкенбай да осы киелі Келес өңірінің тумасы. Бүгінгі сайысқа қатысып жатқан жеткіншектеріміз де ертеңгі күні ел мерейін үстем етеріне сенемін. Осындай игі шарлар жалғасын тауып, шын мықтылар жеңіске жетуіне тілектеспін», – деді Жәнібек Есенұлы.


Айта кетейік, спорттық сайыс 20 мамырға дейін жалғасады деп жоспарланған. Халықаралық турнирге еліміздің бірнеше облысынан, Түркістан облысының аудандары мен Өзбекстан және Тәжікстан елдерінен келген жасөспірім спортшылар қатысуда.