ТҮРКІСТАН: Келесте төлемдерді қабылдау терминалын тонап кетті

0
761

Аталған оқиға ҚР ҚК-нің 188-бабымен тіркелді.


ТҮРКІСТАН: Келесте төлемдерді қабылдау терминалын тонап кетті

фото: ашық дереккөзден алынды

Түркістан облысы полицейлері базар ішіндегі төлем қабылдау құрылғысын бұзып, ақша жымқырған күдіктілерді ұстады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Келес АПБ-не жергілікті тұрғын, жеке кәсіпкер арызданады. Ол өз арызында базар ішінде тұрған төлемдерді қабылдау терминалының есігін белгісіз біреулер бұзып, ішіндегі 20 000 теңгеге жуық ақшасын жымқырып кеткенін көрсетеді. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабымен тіркелді.

Аудандық полицейлер қоғамдық орында тұрған төлем қабылдау құрылғысын тонаушыларды ұстау, қылмысты ашу мақсатында шұғыл әрекет етеді. Білікті де тәжірибелі полицейлерден арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Полицейлер куәгерлерден сұрастырды, жақын аймақтарды аралап көріп, бейнебақылау камераларын тексеріп шықты. Нәтижесінде, тәртіп сақшыларының тыңғылықты әрекет етуі барысында, алынған ақпарат көздерімен, бейнебақылау камерасы көмегімен күдіктілер анықталып, 24 сағат ішінде ұсталды. Күдіктінің екеуі де жергілікті тұрғындар,жұмыссыз жас жігіттер болып шықты.

Полицейлердің анықтауынша, күдіктілер алдын ала сөз байласу арқылы ұрлық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру мақсатында келісім жасасып, түнгі 03:00-дер шамасында базарға келіп, көше бойында және базар ішінде ешкімнің жоқтығына көздерін жеткізіп, пластик дүкенінің есігімен, төлем қабылдау құрылғысын өздері арнайы апарған бұрағышпен (отверка) бұзып ашып, ішіндегі бар ақшасын алып кеткен. Ұсталған күдіктілер өз кінәларын мойындаған. Күдіктілердің бас шарасы «қолхатта». Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, іс сотқа жолданған.

Өз кезегінде полицейлердің қырағылығына тәнті болған жәбірленуші өз алғысын білдірген.

«Басыма іс түскенде, полицияданк өмек сұрадым. Және үмітім ақталды. Кінәлілер ұсталды. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін»-деп жүрекжарды сөзін жеткізді.