ТҮРКІСТАН: Келестік қариялар 48 баланы тірі жетімдіктен сақтап қалған

0
493

Қариялар «Енелер мектебін» ашу керек деген ұсынысын білдірді.


ТҮРКІСТАН: Келестік қариялар 48 баланы тірі жетімдіктен сақтап қалған

Келестік қариялар кеңесі жас отбасыларды тату-тәтті өмірге шақырып жүр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бұл туралы Келес ауданы Ұшқын ауыл әкімшілігіндегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Лесбек Жұмағұлов айтып берді. Ақсақалдың айтуынша, бүгінде ауылдық округ әкімдігі жанынан құрылған ардагерлер кеңесі мен әжелер кеңесі бірқатар тындырымды тірліктерді атқарып жатыр. Ол жұмыстардың көпшілігі жастар тәрбиесіне арналып отыр.


«Бүгінде ауылдың көпті көрген қариялары жастар арасында тәлімдік, тәрбиелік мәні бар үгіт насихаттарды жүргізіп келеді. Өйткені бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі – жас отбасылардың бұзылуы болып отыр. Көңілге кірбің келтіретін жағдайдың алдын-алу бағытында әжелер кеңесімен бірігіп, отбасылардың шаңырағына барып, жастарға келелі кеңестерімізді беріп жатырмыз. Осы уақытқа дейін шаңырағы шайқалғалы тұрған 24 жанұяны татулыққа шақырып, мәселенің күрмеуін шештік, Аллаға шүкір! Демек, ел болып, олардан тараған 48 баланы тірі жетімдіктен сақтап қалғанымыз ғой», - дейдіЛесбек ақсақал.


Ақсақалдың сөзіне сүйенсек, ажыраспақ болғандардың арасында жасы 60-ты алқымдаған ел ағалары да бар. Оларды да сабырға шақырған қариялар ізгі мақсаттарына жеткен екен.


«Ажырасудың негізгі себептерінің бірі – алып қашу. Меніңше ол дұрыс емес. Жастар ондай қадамға сөз байласып барса түсінеміз. Дегенмен, кейде бір-бірін танымайтын жастарымыз «алып қашу» үрдісімен үйленіп, артынша ажырасып кетуде. Біздің кеңес бұл мәселе бойынша жұмыс істеп жатыр. Нәтижесінде биылдың өзінде сондай екі оқиғаны тоқтаттық. Әйтпесе, еріксіз түрде қосылып, артынан ажырасып жатқан кімге жақсы», - дейді келестік ақсақал.


Осы орайда отбасы құндылығы мен ынтымағын сақтауда енелердің орны ерекше екенін айтқан қария «Енелер мектебін» ашу керек деген ұсынысын білдірді.