ТҮРКІСТАН: Келестік отбасы киіз үй жабдықтарын әзірлеуді кәсіпке айналдырған

0
489

Бес қыз, екі ұл тәрбиелеп отырған көпбалалы ана жас кәсіпкерлерге, алдымен, төзімділік қажет дейді.


ТҮРКІСТАН: Келестік отбасы киіз үй жабдықтарын әзірлеуді кәсіпке айналдырған

Келестік көпбалалы отбасы киіз үй жабдықтарын әзірлеуді кәсіпке айналдырған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Елімізде шағын бизнесті дамытуға бағытталған түрлі бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Түркістан облысында өңір дамуына үлес қосып, жеке кәсібін дөңелетіп отырған азаматтар саны аз емес. Олардың қатарында Келес ауданының Бесқұбыр ауылында тұратын Мөлдір Нұғманова да бар. Ол жұбайы мен балалары жасаған киіз үйдің жабдықтарын тігіп, отбасылық кәсіпке айналдырып отыр.


«Киіз үй кәсібін бастағанымызға екі жыл болды. Цехта жергілікті бес азаматты жұмыспен қамтып отырмыз. Тапсырыс көбейіп жатса, жұмыс орнын қосуға дайынбыз. Осы таңға дейін 150 киіз үйді тапсырыспен жасап шықтық. Қазіргі таңда Өскемен қалсынан 20 киіз үйге тапсырыс алып отырмыз. Алдағы уақытта демалыс орындарына ұлттық құндылықты насихаттауды, шетелдік туристерге ерекше дүниемізді көрсетуді жоспарлап отырмыз», – дейді кәсіпкер.


Мөлдір Нұғманованың ұлттық құндылықты насихаттау мақсатында бастаған ісі кейіннен кәсіпке айналып, табысқа кенеліп отыр. Ол киіз үйге қажет материалдарды, қарағаш, тұт сияқты ағаштарды ауылдағы азаматтардан сатып алады. Бес қыз, екі ұл тәрбиелеп отырған көпбалалы ана жас кәсіпкерлерге, алдымен, төзімділік қажет дейді.


«Келешектің іргесін бүгін қалау керек. Ал бүгін қаланған еңбектің жемісі ертең құрдымға кетпесін десек, бәріне жан-жақты қараған жөн. Айналып келгенде «Мемлекет маған не береді?» емес, «Мен мемлекетке не беремін?» ұстанымын ұстанғанымыз ұрпағымыз үшін ұтымды болар еді», – деген кәсіп иесі қиындықтарға жан-жақты қарап шешім шығаруға кеңес береді.