ТҮРКІСТАН: «Керуен сарайда» бизнес жүргізуге жеңілдетілген несие беріледі

0
399

Жеке кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік.


ТҮРКІСТАН: «Керуен сарайда» бизнес жүргізуге жеңілдетілген несие беріледі

Түркістан облысында «YASSY BUSINESS» жеңілдетілген несие беру бағдарламасы аясында кәсіпкерлерді қаржыландыруға бастау берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығында «YASSY BUSINESS» жеңілдетілген несие беру бағдарламасы аясында кәсіпкерлерді қаржыландыруға бастау берілді. Бұл - «Керуен Сарай» туристік кешенінде бизнес бастайтын жеке кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік.


Қаржыландыруды максималды жеңілдікті шарттармен – жылдық өсімі 4% - бен жүргізу жоспарлануда. Яғни, жеке кәсіпкерлерге 27 млн.теңгеге дейін 4 пайызбен 5 жылға дейін несие беріледі. 1 ЖМК-ға қарыздың ең көп сомасы 60 айдан аспайтын мерзімге 8000 АЕК-тен аспайды (айналым қаражатын толықтыруға - 36 ай). Сонымен қатар, кәсіпкерлерге 12 айға дейін демалыс беріледі – негізгі қарызды өтеу бойынша жеңілдікті кезең.


Жобаны іске асыратын не іске асыруды жоспарлайтын микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері болу, сондай-ақ ұлттық стильдегі кәдесый өнімдерін (қолөнершілер, қышшылар және т.б.) өндірушілер болу қаржыландыру үшін қосымша шарттар болып саналады.


Айта кетейік, Түркістанда Орталық Азиядағы ең ірі «Керуен сарай» туристік кешені сәуір айында ашылды. Кешен Түркістанның тарихи орталығында орналасқан. Мұнда заманауи қонақ үйлер, мейрамханалар, фуд-корттар, сауда орталықтары мен базарлар жұмыс істейді.