ТҮРКІСТАН: Көпжылдық ағаш көшеттері биыл да егіледі

0
1 379

Түркістанның табиғи тынысына айналған жасыл аумақта бүгінде миллионнан астам көпжылдық ағаш көшеттері жайқалып өсіп тұр.


ТҮРКІСТАН: Көпжылдық ағаш көшеттері биыл да егіледі

Көркейту мен абаттандыру үшін Түркістан 32 секторға бөлінген, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласында қызу жүріп жатқан көркейту және абаттандыру жұмыстарының барысын бақылады. Осы мақсатта шаһар 32 секторға бөлінген. Әр секторға аудан, қала әкімдіктері мен басқарма басшылары тікелей жауапты. Қазір қала аумағында ағаштар отырғызылып, абаттандырылуда. Одан бөлек, көшелерде жарық шамдар, қоқыс жәшіктері мен тұрғындардың демалуына арналған орындықтар орнатылған.

Кешенді жұмыс барысын бақылау барысында облыс әкімі жауаптыларға бірқатар тапсырмалар беріп, жұмыстардың орындалуын қатаң бақылауға алу және тұрақты түрде жалғастыруды тапсырды. Сонымен қатар, тұрғындарға қоршаған ортаны қорғауды, қаладағы тазалықты сақтауды насихаттау жұмыстарын жүргізуді міндеттеді.

Сондай-ақ, облыс орталығымен бірге бой көтерген «жасыл белдеуді» аралаған Өмірзақ Естайұлы егілген көшеттердің суарылуына аса мән беруді тапсырды. Түркістанның табиғи тынысына айналған жасыл аумақта бүгінде миллионнан астам көпжылдық ағаш көшеттері жайқалып өсіп тұр. Терек, қайың, қарағаш, шаған, арша мен үйеңкі ағаштарын отырғызу биыл да жалғасын табады.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Түркістан қаласында аяқжолдар мен веложолдар төселіп, айналасына көшеттер егілген және демалыс орындары мен көшелердің бойына субұрқақтар орнатылып, жаңадан аялдамалар қойылған.